Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » АЛЫС САПАР ШЕККЕНДЕ, САҒЫНДЫРҒАН АУЫЛЫМ

АЛЫС САПАР ШЕККЕНДЕ, САҒЫНДЫРҒАН АУЫЛЫМ

      Менің балалық шағым жайлауы жасыл, адамдары асыл, топырағы киелі, көлінде балығы ойнаған, бетінде аққу-қазы жүзіп, шағаласы шулаған  Сырдария ауданы Жетікөл ауылы іргесіндегі күмістей жарқыраған «Мақпалкөл» жиегінде өтті. Періште көңіл, жастық шақ өмір осыдан жерден бастау алды. Оның батыс жақ жиегін қоныстанған үйлердің қара қайықтары жағалауда байлаулы тұратын сәттері көз алдымда. Сондағы тоқал тамдар «Алтын балық» ертегісіндегі үйлер секілді көз алдыма елестейді. Әлі күнге дейін сол көріністер көкірек төрінде сайрап тұр.
Сол кездегі абыз ақсақалдар мен асыл әжелердің нұрлы бейнелері, сұсты тұлғалары керемет керім еді. Ол шақта ел азаматтары ауыл ақсалдарының қабағына қарап, байыппен сөйлейтін. Тіпті, ауылдық кеңес төрағасы немесе шаруашылық басшысы болсын, үлкендермен қай жерде жолықса да, көлігінен түсе қалып, олармен қос қолдап амандасып,амандық-саулығын сұрайтын. Ондағы сәлемшіге берген қариялардың ақ батасын, ақжарма тілегін, ризалығын  айтсаңшы.
Ол кезде біз оқыған мектеп қазіргідей емес. Бірінің еңсесі сәл биіктеу болса, екінші ғимарат жатаған келген там болатын. Сол жер тамның біз алғаш табалдырығын аттап, бірінші сыныбына бардық. Нағыз өмірдің думаны осында басталды. Көркем дәптердің үстіне қаламсапты барынша басып, алғаш әріптерді жазып үйрендік. Мектепте қолдан қаланған ошаққа от жағатын. Ол қыстың боранды күндері тартпай қалады. Бықсыған оттың әсерінен көзімізді аша алмай, түтіні қолқаны атып, көкірегімізді ашытады. Содан жөтелу, түшкіру басталады. Ағай ондай кезде бізді далаға іштің түтіні басылғанша ойнауға жібереді. Баламыз ғой, сабақты ұмытып ойынның жетегінде кетеміз.
Ол кездің мұғалімдері өте қатал болатын. Ұстаздың алдынан кесіп өту деген атымен жоқ. Ағайларды алыстан көрсек болды, бас киімімізді қолымызға алып, тік тұрып, офицерге сәлем берген сарбаз секілді тұрған орнымызда қатып қалатынбыз. Бәрінен қиыны, оқыс оқиға үшін сыныптағы қыздар «мұғалімге айтамын» деп жаман қорқытатын. Оларға айтпауын өтініп, жалынып, жалбарынып айтқандарын екі етпей істейтінбіз. Осылай басқа бәле тілеп алатын сәттер жиі болатын. Әй, балалық-ай десеңші...
Мектепке барып «Әліппені» аяқтап, әріп танығаннан бастап, анам маған кітаптарды ежіктетіп оқыта бастады. Ол кісі елде алғашқы латынша хат таныған адамның бірі болған. Бір жағынан менің ежіктеп оқығанымды қызық көрді ме, кім білсін? Екінші-үшінші сыныптарда оқып жүргенімде маған «Қобыланды батырды», «Ғашықнама», «Көрұғлы» жырларын шамның жарығымен түннің бір мезгіліне дейін дауыстап оқыттыратын. Осындайда көрші замандастары Қаншайым, Орынша, Маржанкүл, Ажар әжелерді үйге шақырып, мен оқыған қисса-дастандарды тыңдататын. Қандай тәрбие десеңші.  Ажар әже қазақтың Халық ақыны Манап Көкеновтың немере апасы болып келеді. Ал, Қаншайым әже – Сыр сүлейі атанған елге белгілі Нақып жыраудың қызы, Барат жыраудың қарындасы. Ол кісілер түн ауған шаққа дейін мен оқып берген жырға сусындап, ақ батасын беріп, «ертең тағы келеміз» деп үйлеріне тарайтын. Анам содан көңілі елжірей қарап, мені айналып-толғанып тығулы тұрған тәттісін береді. Ертеңіне әжелер де үйлерінен келгенде маған тәттіден ала келетін. Ол кісілер қисса-дастандарды барынша дауыстап оқуымды қалайды. Бұдан мен жаман болған жоқпын. Соның арқасында мектепаралық айтыстарға қатыса бастадым.
 Сонымен не керек, есейе бастағаннан үйдің тірлігі біртіндеп мойынға ілінді. Қозы-лақ бағу, асау тайды бас білдіру, малдарға шөп шабу секілді. Белорақ, қолорақты ұстауды сол ауыл үлкендерінен үйрене бастадық. Содан 5-6 сынып оқығаннан пішен орып, жантақ шауып,  үйге тайға теңдеп екі бау шөп артып әкелетін болдық. Осылай балалықтан алыстап, үйдің тірлігі қалыңдай берді. Ал, 7-8 сынып оқыған жылдарда трактордың артына жегілетін шөп шабатын екінші косилкаға отыруға жарап, қаражат табатын халге де жеттік. Үш ай демалысқа шығар алдында совхоздың егін және мал азығын дайындайтын  бригадирлері мектепке арнайы келіп, қай оқушының каникулда жұмыс істегісі келетінін біліп, жазып алып кетеді. Өзіммен қатар оқушылардың бәрі жаздағы жұмыс істеуге өз ерікімен жазылады. Ол кезде қатардан қалу ұят саналады. Содан балалар болып жаз бойы жұмыс жасаймыз. Сондағы үш айда барлығы – 20-25 сом ғана ақша табамыз. Бірақ сол кезде ол көп ақша. Соның өзі киім мен мектеп құрал-жабдықтарын алуға толық жетеді.
Табыс тапқан оқушылардың ата-аналары мектептегі жиналыста балаларын мақтан етіп жатады. Кейін ойлап қарасақ, ол балаға рухани күш беріп, жақсы жағынан әсер етеді екен ғой. Сол кездегі қарапайым ата-ана бойынан тәлім-тәрбие жағын толық меңгере білгендігі аңғарылады. Ойлап қарасаң, оқу басталар алдында ғана қалаға жібереді. Соған мәз боламыз. Қызылордаға келсек, бейне бір Меккені көріп-қайтқандай, сыныпта біразға дейін жыр етіп айтып жүретініміз шындық.
Ауылдың тамылжыған табиғатын, таза ауасын, жусан мен жалбыздың, жиденің бұрқыраған иісін атамекеннен ұзап шыққанда барып аңсап, сағынады екенсің. Ауылға жетсең тынысың ашылып, жаның жадырап, шабыттанып, шалқып сала беретініңді ұғасың. Пішенді құлшына орасың, белорақпен жантақты жайпай шабасың. Бұл сәтте бүгінде санадан алыстап барады.
Ойлап отырсам, сол кездегі қызығы мен шыжығы көп ауылдың қоңыр тірлігіне қайралып, шыңдалып, қайраттанып, жігерленіп, ешкімнің ала жібін аттамай, адал еңбектің дәмінің тәтті екенін біліп өсіппіз. Содан да болар, бір жанды алдап-арбамай, маңдай термен тапқан бұйыртқан несібені қанағат етіп, елмен бірге, ғұмыр сүріп келе жатқанымыз. Жасыратыны жоқ, қала шулынан шаршаған сәтте ауылды аңсап, қолың қалт етсе туған жерге тартып кеткің келіп тұрады. Ауыл қашанда адалдықтың, еңбектің, тәрбиенің, сағыныштың ордасы. Сол ауылда өмірден өткенше өздері өмір сүрген әкең мен анаңның салған іздері жатыр. Оны сағынбау, ауылда қалған балалығыңды аңсамау мүмкін еместей. Содан да болар, көңіл толқыны ауыл жақты аңсап, жиі алаңдайды.
                                                                                                 Кенжалы ЕРІМБЕТОВ
27 наурыз 2018 ж. 1 787 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 431 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам