ШАҢЫРАҚ ТҮЙЕ
Шаңырақ ұғымы – халқымыздың ұлттық құндылығында ерекше құрметке ие. Киіз үй мен көк әлемінің арасын жалғап тұратын осынау қасиетті дүниені ата-бабаларымыз жоғары бағалап, оны киелі деп қадірлеген. Тіпті, жаугершілік заманның өзінде отбасы мүшелері киіз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болса да, қасиетті қара шаңырақты көш жұртында қалдырмай, өздерімен бірге арқалап жүрген. Мұның өзі аталмыш дүниенің халық түсінігіндегі айрықша орнын аңғартса керек. Жаңадан отбасын құрып, өмірге қол ұстасып бірге аттанған жас жұбайларға «Шаңырағың биік болсын!» деп бата беруі де сондықтан. Бұл – жақсылыққа тілектес ағайынның жас отбасының тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген ниеті.
Жас отбасы дегеннен шығады, осы орайда халқымыздың ұлттық құндылығы әспеттелген алтын көмбесіндегі «Шаңырақ түйе» дәстүрін әңгімелей кеткенді жөн көрдік. Ертеде ұзатылып келе жатқан қыздың киген сәукелесі мен киімі, мінген аты, күмістелген ер-тоқымы, түйеге артқан жүгі мен жабылған кілемі көздің жауын алатын ерекше сәнді болған. Әсемдік атаулыны қашаннан бағалай білген халқымыз келіншек көшінің осындай әдемі көрінісін келін салтанатыдеп атаған. Ал, ондағы келінге тігілетін отаудың шаңырағы жеке түйеге артылып, басқаларынан барынша безендірілген қос өркешті жануар көшті бастап жүретін көрінеді. – Жұрт жайлауға немесе күзеуге көшкенде түйеге киіз үйдің ағашын теңдеп, ең үстіне шаңырақты байлап, сол түйені жетектеп көш бастайтын. Түліктің осы қызметіне орай болса керек, көпшілік бұл жануарды «шаңырақ түйе», «шаңырақ салар» деп атайды. Шаңырақ жүктелген түйе ешқашан көш соңында жүрмейді, – деп отырушы еді ұлттық әдет-ғұрыпты ту етіп ұстанатын ауыл ақсақалдары. Халқымыздың көркем фольклорының айшықты үлгісі – «Қыз Жібек» жырында: «Тек Қаршығаның үгітінен кейін ғана Жібек бетін бір ашып, жарқ етіп көрініп, амандасты да, қайтадан бетін жауып, пәуескенің қақпағын түймелеп жатып қалды» деген жолдар кездеседі. Автордың мұндағы пәуеске деп отырғаны осы – шаңырақ түйе болса керек. Ал, жыршы оның көз тартар сұлулығын сөзбен былайша өрнектейді.
Қырық нарға жүк арттырып,
Қымтап зерлі кілемді
Жүк үстіне жаптырған.
Қазыналы қырық нарға
Жібектен арқан тарттырған.
Әсемдіктің бәрін де
Бұл жиһаннан арттырған...
Сұлулықты сөзбен суреттеген автордың шеберлігінен әлгі үзінділерді оқып отырып, қаз-қатар тізіліп бара жатқан көш көз алдыңа елестейді. Көпті көрген қариялардың аузынан естуімізше, шаңырақ түйеге басқа адам мінбеген. Барынша сәнделіп, әспеттелген жануарды атпен алдынан жетелеп отыратын көрінеді. Көш тізбегіндегі келесі түйелерге қалыңдықтың анасы, жеңгесі, сіңлісі сынды ең жақын адамдары мінеді. Десе де, бабаларымыз оны да шаңырақ түйедеп атаған. Негізі, оған бұлардан басқа бөтен адам немесе жолшыбай кездескен адам ешқашан мінгеспеген. Мұның барлығы жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайлардың әу бастан-ақ шаңырақ деген дүниенің қадіріне жете білуге баулитын халқымыздың данышпандығынан туындаған әдет-ғұрыптар. Сондықтан да болар, аузы дуалы бабаларымыз «Шаңырағың шайқалмасын!» деп бата берген.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.