Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ШАШЫМНЫҢ САНАП ӘР АҒЫН...

ШАШЫМНЫҢ САНАП ӘР АҒЫН...

    Ет пен сүйектен жаралған пенденің өмір заңдылығына бағынып, мойынұсынуы қалыпты нәрсе. Бетті торлаған әжім мен шаштың бурыл тартып ағаруы сол үлкендіктің алғашқы белгілері болмақ. Әр нәрсе өзінің орнымен. Мезгіліне қарай түскен әрбір ақ талдың өз жарасымы, әдемілігі барын ұмытпаған абзал.                                                                                  
Ертеректе дана халқымыз ақ шашты қарияларды қадір тұтқан. Оның түбінде көпті көрген көрегендік пен бейнет, қиындығы мол талай жылдың ізі жатыр деп құрметтеген. Ақ қырау шалған ақсақалдарымызға төрден орын беріп, батасын алуға асыққан. Ел аузындағы  «Шашының ағын сыйладым» деген сөз содан қалса керек.                                                                    
  Ғалымдардың зерттеуі бойынша адамның шашы алты жылға дейін өмір сүреді екен. Алты жылдан соң өлі шаш түсіп, орнына жаңасы өсіп  шығатын көрінеді. Ал, шығыс медицинасы оның пайда болуын бүйрек сырқатымен байланыстырады. Негізінен табиғи ағару процесі – 30-40 жас аралығынан бастап бірте-бірте жүзеге асатынын айтады зерттеушілер. Ал, орта жастағылар мен қарттарда ол физологиялық қалыпты картаюға жатады. Десек те, бүгінгі күнде қаршадай баланың шашының ағаруы өте көп кездеседі. Дәл осы жағдайға бірнеше күн бұрын куә болдым. Қаладағы сауда орталығының бірінде 4-5 жастағы кішкентай баланың шашы ағарып кеткенін аңғардым. Тұп-тура қиындық көрген кейуананың шашындай. Оған жалғыз мен емес, айналадағы адамдар да оған тосырқай қарады. Ештеңеден хабары жоқ бөбек анда-мында жүгіріп, ойнап жүр. Тек анасы қараған көп көзінен ұялды ма, баласына айналып, қалпағын басып кигізе берді.                                  
   Сөйтсем, бұл – бүгінде медицина саласында таңқаларлық жағдай болмай шықты. Сала мамандары қазірде оның жылдам жасарып келе жатқандығын айтады. «Шашымның санап әр ағын, отыздан асып барамын» деп кезінде Мұқағали ақын егде тарта бастағанын тілге тиек етті. Осы күнде жиырмаға жетпей-ақ қырау шалу жиілеп кетті. Бұл компьютер мен техникасы дамыған заманның адам ағзасына беріп жатқан кері әсері ме? Әлде, тозған экологияның көрінісі ме? Оны ғалымдар мен дәрігерлердің өзі дөп басып айта алмайды. Көбісі ағзаға қажетті дәрумендердің жетіспеушілігін алға тартады. Сондай-ақ, атадан балаға берілетін генге де байланысты екендігі айтылып жүр.             Кейбір отбасының бесіктен белі шықпаған балаларының басына ерте ақ араласуы тұқым қуалаумен келетін ерекшелік екені ғылым тұрғысынан дәлелденген. Ондай адамдардың ата-анасы немесе ата-әжелері ерте шаш ағару дертіне шалдыққан болуы ғажап емес. Егер мұндай тұқым қуу факторы жоқ болса, жүре пайда болған шаш ауруының әсері көрінеді. Жалпы, шығыс-тибет медицинасы оның жастар мен жасөспірімдерде кездесуі – бауыр ауруының белгісі екендігін жеткізеді. Тағы бір себеп – туберкулез, асқазан, ішек ауруы, қан аздық, артерияның қатаюы сияқты аурулардың әсерінен болады екен. Шаштың ағаруымен қоса, шаштың барынша қараюы да көптеген аурулардың белгісі. Оның шектен тыс қара болуы да қалыпты жағдайға жатпайды. Ғалымдар оны рак ауруының белгісі екендігін анықтаған.                                                                                  
                                Қанша адам шашындағы ақты көргенде кәдімгідей мұңайып, көңілі құлазып қалатыны рас. Сөйтіп, көп жағдайда әйел адамдар шашқа түскен ақты бояу арқылы жасыруға тырысып жатады. Ал, химикаттың зиянды кері әсері тағы да ұмыт қалады. Осының бәрі жастыққа тән сын-сымбаттан айырылып қалмауға деген жанталас екені сөзсіз. Сөз болған келеңсіздіктердің алдын алуда В, В1, В2, В6 дәрумендерінің әсері жоғары екен. Өйткені, аталмыш емдік заттары шаш түбін нығайтып, нәрлендіреді. Сондай-ақ, ақтың түсуін баяулатады, бас терісі жасушаларының қоректену мүмкіндігін арттырады және су-май тепе-теңдігінің сақталуын жақсартады. Сол сияқты дәрігермен кеңесе отырып, арнайы қолданылатын қайнатылған шөп тұнбасын, эфир майын бас терісіне жағудың немесе шөп қайнатпасын ішудің де пайдасы зор. Ендеше, айтылған кеңестерді қажетімізге жаратып, табиғат берген сұлулықты табиғи күйінде сақтауға күш салайық.
                                                                                    Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
29 наурыз 2018 ж. 1 533 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам