БАҚЫТ БАСҚА ҚОНАДЫ
Ата-бабаларымызды ұзан даланың нағыз ұлы данышпандары десек, артық айтпағандық болар. Қазіргідей жоғары оқу орындарын бітірген жоқ. Ұлы даланың ой мен қырына су апарды. Егінін салды. Дала сырын, табиғат тілін терең меңгере отырып, оны тіршіліктің ыңғайына қарай пайдалана білгендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Керек десеңіз, күннің қабағы мен райына қарап шаруасын нықтаған, егінін баптаған. Соған қарай төрт түлігін де өргізген.
Ең әрісі, егіннің нәзік түріне жататын тарының өзін жаздың қай уақытында егіп алу жайын, қазіргі тілмен айтқанда жерге себу технологиясын жақсы меңгерді. Оның сырын бүгінгі кейбір арнайы мамандығы бар деген жастардың өзі біле бермесе керек. Осылайша ата-бабаларымыз сол кезеңде шаруаның барлық түрін игере білген. Ертеректе де асыл тұқымды түліктерді алыстан алдырып, оның тұқымын алуға көңіл бөледі. Ең арысы иттің де асылын, алғырын ұстағаны өтірік емес. Ол кезеңде де бабаларымыздың бірі бай, бірі жай өмір сүргендігін білеміз. Бірақ, байлық та, бақыт та, дәулет те, сол тапқан дүние де, мәңгілік емес екендігін олар өте жақсы түсінді. Ол жайында «Қырық жыл байлық, қырық жыл жоқтық болмаған» дейді немесе «Әкенің байлығы балаға мұра болмайды» деген тәмсіл де айтылады.
Ешкім де баласын жаман болсын деп ойламайды. Әрбір ата-ана перзентінің болашағына зор үмітпен қарайтыны шындық. «Келешекте ел билейтін азамат болса екен» деген ой тұрады қиялында. Кейбір қолы ұзындар ұл-қызының қабілет-қарымына қарамай, жетектей бастайды. Олардың санасында «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» деген тәмсіл ғана бар секілді. Бұл – бүгінгі өмір шындығы. Әркім перзентіне бақытты қолдан жасап бергісі келеді. Жан ұшырып жүргені сол. Ондай би-қаралардың қатары жетерлік.
Бұл жайында мынадай бір аңыз әңгіме еске оралады. «Жер-дүниені билеген Сүлеймен пайғамбар кірпі мен қарғаны шақырып алып, екеуіне былай деп бұйрық беріпті-мыс:
–Сен, қарға бар! Бір түнде жер-дүниені аралап, бір жақсы сайрайтын құс тап. Бұл құсты үйдің бас жағындағы тұрған бақтың ішіне орналастыр. Таң атқанда бұл құс мені сайраған дауысымен оятсын!
Содан кейін кірпіге қарап:
– Сен, кірпі, барып жердің жүзін тінтіп, маған бір өте жұмсақ бір нәрсе тап. Бұл нәрсені әкеліп, дәл менің жастығымның үстіне, бетіме таяу қой! Құс сайрағанда оянып, баққа қарай бергенде, бетім сол жұмсақ нәрсеге тисін, – дейді.
Қарға дамыл таппай жер-көкті шарлап, шаршап, ешнәрсе таппай ұясындағы балаларына келеді. Анасын көріп балапандары шексіз қуанып, қарқылдай бастайды. Сонда оның дауыстары қарғаға өте сүйкімді, барынша нәзік, сандуғаш пен бұлбұлдың дауысынан да әсем болып көрінеді. Ойлана келе қарға Сүлейменнің бағына балапандарын апарып қояды.
Дүниені жаяу шарлаған кірпі де таң ата әбден болдырып, іздегенін таба алмай, қалжырап, шаршап-шалдығып үңгіріне әрең жетеді. Анасын көрген балалары оны құшақтап қарсы алады. Сол кезде оған балалары барынша жұп-жұмсақ, мамықтай болып көрінеді. Ол да ойлана келе, балаларын патшаның жастығының үстіне апарып қояды.
Содан таң ата қарға қарқылдап шақырып, патшаны ұйқысынан оятады. Сол кезде патша жастығының айтқан жағына қарай бетін бұрып, жұмсақ затқа жүзін тигізеді. Кірпінің тікені бетіне кіріп, қарғаның даусынан шошып оянған патша ашуға мініп, қарға мен кірпіні алдыртып, өлім жазасына кеседі. Сонда қарға мен кірпі «дат, тақсыр» дейді. Патша оларға соңғы сөздерін айтуға рұқсат береді. Бұйрықты орындаудағы қиыншылықтарды баян етіп, соңында өз балаларының жұмсақ, оның дауыстарынан артық ешнәрсе жоқ екендіктерін айтады. Сонда Сүлеймен пайғамбар ойланып отырып: «Әркімдікі өзіне, сұлу көрінер көзіне» деген рас екен ғой» деп екеуін де кешірген екен дейді. Расында, әр әке-шеше үшін өз перзенттерінен артық ең жақсы, ең сұлу, ең ақылды, ең көрікті, ең білімді, ең тәртіпті адам жоқ екендігі шындық.
Сол балаларының алдындағы қарыз бен парызды әрбір ата-ана өтегенмен, олардың өмір өзені әртүрлі бағытқа қарай ағатыны шындық. Үнемі оның алдында даңғыл жол сайрап жатпайтыны белгілі. Асулар мен биіктер бар. Оның да күнгей мен көлеңкелі тұстары кездеседі. Осыдан өте білген адам ғана мұрат пен мақсатына жетері анық. Сондықтан әркімнің өз маңдай терімен, адал еңбегімен тапқан дүниесінің дәмі тәтті болмақ. Ал балаң үшін қолдан жасалған жасанды бақыттың өмірі ұзақ емес, ол уақытша өткінші нәрсе. Осындай мақсаттарға жету үшін алдымен әрбір перзент отбасын сыйлап, әке-шешесін құрметтеп, қадірлесе өмір жолы баянды болмақ. Ол үшін ынта мен талап болуы керек.
Әрбір сөзі даналық дәйегіндей халқымыз «Бақыт басқа қонады» дейді. Ғасырдан ғасырға озған ғақлия сөз пенделік пейілдегі кейбір келеңсіз көріністің түйінін тарқатып тұрғандай.
К. ЕРІМБЕТОВ.