МАМАННАН КЕҢЕС
Өндірістік мекемелерде жұмыс барысында әр түрлі жазатайым оқиғалар орын алып жатады. Сондықтан жұмыскерлер арасында еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар туралы мынадай сұрақтар жиі туындап жатады. Осы сұрақ жайында түсінікті болу үшін кеңінен талқылап, тоқталып өтейін.
Сұрақ: «Таңғы сағат 8 шамасында өзімнің жеке көлігіммен жұмысқа бара жатып жол көлік оқиғасына ұшырап жарақат алдым. Жұмыс уақыты таңғы сағат 9 да басталады. Жұмыс басталар алдындағы уақытта жұмысқа келе жатқан жолда болған жазатайым оқиға еңбек қызметіне байланысты оқиға болып саналадыма?».
Жауап: Сізбен болған жазатайым оқиға таңғы сағат 8 шамасында жеке көлігіңізбен жұмысқа келе жатқанда болған. Жұмыс берушімен бекітілген жұмыстың басталу уақыты таңғы сағат 9:00. Бұл жағдай Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (әрі қарай-Кодекс) 186-бабының 1-тармағына сәйкес, жұмыскерлердің еңбек қызметіне байланысты және еңбекке қабілетсіздігіне не қайтыс болуына әкеп соққан денсаулығының зақымдану жағдайлары ретінде тергеп-тексерілуге жатады.
Осы баптың 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес, жеке көлік құралын қызмет бабында пайдалану құқығына жұмыс берушінің жазбаша келісімі болған кезде өзінің жеке көлік құралымен келе жатқанда орын алған болса, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға ретінде есепке алынады.
Осы Кодекстің 71-бабының 5-тармағына сәйкес күнделікті жұмыстың ұзақтығы, күнделікті жұмыстың (жұмыс аусымының) басталу және аяқталу уақыты, жұмыстағы үзілістер уақыты еңбек тәртіптемесі қағидаларында, еңбек және ұжымдық шарттарда белгіленген талаптар сақтала отырып айқындалады.
Осыған байланысты, егер жеке көлік құралын қызмет бабында пайдалануға жұмыс берушінің жазбаша келісімі болған жағдайда, бұл жазатайым оқиға еңбек қызметіне байланысты деп дәрежеленеді, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға ретінде есепке алынып, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы акт толтырылады.
Ал егер жеке көлік құралын қызмет бабында пайдалануға жұмыс берушінің жазбаша келісімі болмаған жағдайда, Кодекстің 186-бабының 3 тармағының 1)тармақшасына сәйкес, жұмыскердің мүддесімен байланысты емес жұмыстарды немесе өзге де әрекеттерді зардап шеккен адам өз бастамасы бойынша орындаған кезде бұл жазатайым оқиға еңбек қызметіне байланысты емес деп дәрежеленеді.
Жұмыскерлердің қауіпсіз жұмыс жасауы мен еңбек құқығының қорғалуы осы Кодекске сәйкес реттелуге жатады. Жұмыс орындарында мейлінше қауіпсіздікті басты назарға қойып жұмыс жасау өте маңызды мәселе болып саналады.
Айтімов Әбдімәлік,
Қызылорда облысының еңбек
саласындағы бақылау басқармасының
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
бөлімінің басшысы мемлекеттік еңбек инспекторы