КӘСІПКЕРЛІККЕ – КЕҢ ӨРІС
Биыл Сыр өңірінде жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай жыл басында «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы» әзірленген болатын.
Онда жалпы бюджеті 32 млрд. 86 млн. теңгені құрайтын барлық негізгі, оның ішінде өңірлік бағдарламалар қамтылған. Аталған қаражаттың 3 млрд. теңгеден астамы «Стартап» жобаларға, яғни бастаушы кәсіпкерлерге жұмсалады.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Азамат Досжанов айтып өтті.
– Жол картасын іске асыру барысында кәсіпкерлерді қаржылай қолдауға, оның ішінде ауылдық жерде микронесиелер беру – басты назарда. Сондықтан осы бағыт бойынша облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлініп, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына орналастырылды. Осы уақытқа дейін аталған орталықпен жалпы құны 500 млн. теңгеге микробизнес нысандарының 172 жобасы мақұлданды, – деді А.Досжанов.
Жыл соңына дейін өз жобаларын ұсынған жандарға 500 микрокредит беру жоспарда бар. Оған жұмыссыз және нәтижелі жұмыспен қамтылмаған азаматтар тартылады. Осы топтағы жандардың жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін грант беруге 200 млн. теңге бөлінген. Алдағы міндеттің бірі – жыл соңына дейін бағдарлама шеңберінде кемінде 100 жобаны субсидиялау, 40 жобаны ішінара кепілдендіру және 70 жобаны грантпен қаржыландыру. Сондай-ақ, «Бизнес-Бастау» жобасы аясында 1600 адамды оқудан өткізу мақсаты тұр.
Баспасөз мәслихатында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев өз саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мәселен, индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде аймақта құны 620 млрд. теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылуда. Олар іске қосылғанда аймағымызда 6,2 мың жұмыс орны ашылмақ.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.