КЕНЕ ШАҚҚАНДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті елімізде кене маусымының басталғаны жайлы хабарлайды. Комитет мәліметінше, қыркүйекке дейін созылатын эпидемиологиялық маусымның бірінші жартысында кене белсенділігі аса жоғары болады.
Елімізде Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары, Алматы қаласы мен оның төңірегі кене энцефалиті бойынша эндемиялық өңір саналады.
«Сондықтан, қызметі кене энцефалитінің табиғи ошағымен байланысты адамдар (орманшылар, қорықшылар және орман мен аншылық шаруашылығының басқа да қызметкерлері) кене энцефалитіне қарсы профилактикалық иммундаудан өтеді», - делінген мәліметте.
- жылына екі рет, көктемде және күзде эндемиялық аумақтарда;
- балаларға және ересектерге арналған сауықтыру ұйымдары орналасқан орындарда;
- кәсібі мен жұмысы табиғи ошақтағы адамдар тұрақты болатын орындарда;
- демалыс және туризм базаларының, бау-бақша кооперативтерінің аумақтарында;
- орман алқаптары учаскелерінде;
- шаруашылық-тұрмыстық және басқа мақсаттарда халық жиі жиналатын жерлерде кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Кене энцефалитін қоздырғыш төмендегі жағдайларда адамға жұғады:
- вирус жұқтырған кене теріні сорған кезде;
- кенені жаншу немесе шаққан орнын қасу кезінде;
- ешкінің, қойдың, сиырдың шикі сүтін пайдаланған кезде (кененің жаппай қаптауы кезінде сүтте вирус болуы мүмкін);
Кене энцефалиті бойынша қолайсыз аумақтарда сүтті қайнатқаннан кейін ғана пайдалану қажет. Бұдан басқа, шикі сүт қана емес одан дайындалған өнімдер: сүзбе, қаймақ, май және т.б. да қауіпті саналады.
Санитар дәрігерлер кене энцефалитінің алдын алу жолдарын атады.
«Арнайы қорғау костюмдерін немесе кенелердің кіруіне жол бермейтін ыңғайлы киімдерді қолдану керек. Жейденің білезік тұсы түймеленетін немесе резеңкемен қыстырылатын ұзын жеңі болуы тиіс. Жейденің етегі шалбарға, ал шалбардың балағы шұлыққа және етікке салынуы қажет. Бас пен мойынды орамалмен, биік жағамен, капюшонмен немесе басқа да ыңғайлы киіммен жабу керек. Табиғат аясында болғанда киім мен денені жиі тексеріп отыру қажет», - дейді Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті.
Сонымен қатар, маманның айтуынша кенені байқаған тұста тұмсығын қалдырмастан алып тастаған жөн.
«Егер жабысқан кенені байқасаңыз медицина қызметкеріне қаралыңыз. Егер ондай мүмкіндік болмаса, кенені өзіңіз алып тастаңыз. Кенені кішкентай тұмсығын жұлып алмай, өте абайлап алу керек. Жабысып тұрған кенеге кез келген майды немесе керосинді тамызып, қысқышпен немесе мықты жіппен қармап, қозғай отырып ақырын алу керек. Егер тұмсығы теріде қалып қойса, оны тікен сияқты алып тастаңыз. Шаққан жерге йод тұнбасын жағыңыз және қолыңызды мұқият жуыңыз», - деп ескертеді дәрігерлер.
Кенелерден қорғану үшін үркітетін зат – репелленттерді пайдалануға болады. Онымен дененің ашық жерлерін және киімді өңдеу керек. Кене шаққан адамдар бір тәуліктің ішінде таяу арадағы медициналық ұйымға барып, шұғыл профилактикадан өтуі тиіс.