СУ АЙДЫНДАРЫНДА БАЛЫҚ ШАБАҚТАРЫ КӨБЕЙТІЛДІ
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғ.Орақбаев 9 айлық есебін қорытындылады. Инспекцияның құзыретіне қарасты аймақтағы орман, балық шаруашылығы мен аңшылық алқаптағы жануарларды қорғауда сала мамандары іс-шаралар жоспарына сəйкес жұмыс жасаған.
Облыста мемлекеттік орман қоры аумағының көлемі 6506,7 мың гектарды құрайды. Ал, оның 89 пайызын сексеуіл алқаптары алып жатыр. Сондай-ақ, 160,8 мың гектар болатын «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» да басқарма қорғауына берілген. Бүгінгі күні бұл қорық 2300 гектарға кеңейтілген. Ал, 7346,7 гектар аңшылық алқаптың 34-і аң ісін пайдаланушылар иелігінде. Бұл ретте олар өздеріне белгіленген лимиттің 71 пайызын игеріп, мемлекет бюджетіне кіріс түсірген.
Сондай-ақ, балық шаруашылығы ісінде маңызға ие Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені мен 200-ге жуық су айдындары бойынша 124 нысан балықшылар меншігіне бекітілген. Оларға қойылған биылғы шектеу көлемі 7805,7 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда оның 50 пайызы игерілген. Бұған қоса «Жануарлар дүниесі ресурстарын сақтауды, өсімін молайтуды және ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету» бағдарламасымен мемлекеттік тапсырыс негізінде «Қамыстыбас балық питомнигі» арқылы Кіші Арал теңізінің Қаратүп, Шағалалы қойнауы мен Қамыстыбас көлін су маржанымен толықтыру жұмыстары атқарылған. Нәтижесінде аталмыш су айдындарына 15 млн. 220 мың дана балық шабақтары жіберілген.
Жалпы, басқарма тарапынан табиғат қорын пайдаланудағы заңдылықтың сақталуына бақылау жасау мақсатында осы кезге дейін 422 рейд жұмысы жүргізілген. Тексеру барысында 491 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 43-і аңшылық, 10-ы орман, 438-і балық шаруашылығы саласында орын алған. Заң бұзушылардың үстінен әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданған. Табиғатқа келтірілген залалдың 90 пайызы қайта өндірілген.
Айдана СЕЙІЛ.