ГОЛОВКИНМЕН ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ШЫҒАТЫН ҚАРСЫЛАС ТАБЫЛДЫ
Қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкинмен жекпе-жекке шығатын қарсылас табылды. Ол 31 жастағы америкалық Ванес Мартиросянмен жұдырықтасатын болады. Екі спортшының 5 мамырдағы кездесуге дайындығы туралы олардың промоутерлері хабарлады, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Жекпе-жек Лос-Анджелестің маңындағы StubHub орталығының аренасында өтеді. Спорттық мансабында 40-тан астам жекпе-жекке шыққан Ванес Мартиросян 36 рет жеңіске жеткен. Өмірінде үш рет жеңіліс көрген боксшы бір жекпе-жегін тең аяқтаған. Бүгінде әлем чемпионы қазақстандық спортшы Геннадий Головкинмен жұдырықтасатын америкалық боксшы Головкинді жеңе алатындығына сенім білдірді. Трипп Джи бастапқыда мексикалық боксшы Саул Альвареспен жекпе-жекке шығуы керек еді. Бірақ Канело екі ай бұрын допинг қолданғаны үшін жекпе-жектен уақытша аластатылып, бұл айқас күшін жойды.