Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ТЕКТІ ТЕГІНЕ ТАРТЫП ТУАДЫ

ТЕКТІ ТЕГІНЕ ТАРТЫП ТУАДЫ

   Облыстық тарихи-өлкетану музей филиалы көркемсурет галереясында Қазақстанның алғашқы театр суретшісі Ләтипа Қожықованың 125 жылдығына арналған «Қожықовтар қолтаңбасы» атты көрме өтті. «Ұлы Дала бояулары» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Сондай-ақ, көрменің ашылуына Алматы қаласынан Ләтипа Қожықованың немересі Сәуле Құлахметқызы мен өнер иесінің шығармашылығын зерттеуші ғалымдар арнайы келді. Мамыр айының ортасына дейін созылатын көрмеде өнерлі әулеттің қолынан шыққан 70-тен астам көркем туындылар көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында сырлы бояумен әспеттелген суреттер мен Ләтипа Мұңайтпасқызының қолынан шыққан «Қыз Жібек» операсында Төлеген киген костюм де бар.  Расында, бұл өнер династиясының қазақ өнері мен мәдениетінде есімдері ерекше. Мәселен, Ләтипаның жары – Қоңырқожа Қожықов  оған дейін «қырғыз» аталып келген ұлттың «қазақ» деген тарихи атауын қалпына келтіру мәселесінің көтерілуіне өз үлесін қосқан бірден-бір ағартушы ғалым. Ал, ұлдары – Құлахмет, Қожахмет, Нұрахмет, Сұлтан-Ахмет өнер саласының дамуына өлшеусіз еңбек етті.                                                                                        – Біздің ұлтымызды әлемге қазақ ретінде танытқан екі дүние бар. Оның бірі – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы болса, екіншісі – қазақ кино өнерінің тарихында алтын әріппен жазылған, әлемнің 80-ге жуық елінде көрсетіліп, бағасын алған «Қыз Жібек» фильмнің режиссері, тектінің тұяғы Сұлтан-Ахмет Қожықов екені бәрімізге аян. Әулеттің анасы, сән және қолданбалы өнер шебері Ләтипа Қожықованың қазақ қолөнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары мемлекеттік тапсырыспен Ләтипа Мұңайтпасқызының қолынан шыққан қазақтың ұлттық киімдері АҚШ-тың бұрынғы президенті Франклин Рузвельтке сыйға тартылған. Ол қазір сондағы Рузвельт музейінде сақтаулы тұр. Сонымен қатар, ежелгі қазақ қолөнері дәстүрінде тоқылған сәндік бұйымдары мен ұлттық киім үлгілері Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы өнер музейінен көруге болады, – деді аймақ басшысы.
Жиын барысында алғашқы театр суретшісінің немересі – Сәуле Құлахметқызы әулет өмірінен естеліктерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға өз алғысын жеткізді. Ал, мұнан соң келушілер тағылымы мол көрмені тамашалап, сырлы бояу мен сән өнерінің сырына қанықты.                                     Айта кетейік, Ләтипа Қожықова киелі Сыр топырағында дүниеге келіп, өзінің бірінші кәсіби қызметін осындағы алғашқы ұлт театрында бастады. Астананың Алматыға көшірілуі мен жаңа музыкалық театрдың ашылуына байланысты «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Шұға», «Ер Тарғын», «Жалбыр» сынды өзге де қазақ операларының қойылымдарына қатысты. Онда Қ.Жандарбеков, К.Байсейітова, Ш.Жиенқұлова, Е.Брусиловский секілді сахна тарландарымен бірге жұмыс жасады. Немересінің айтуынша, кейіннен Абай атындағы академиялық опера және балет театрында костюмерлік пен киім тігу цехының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Сол кездері оның қолынан мыңға жуық опера театрының сахналық костюмдері тігіліп шыққан.    Түстен кейін аталмыш шара А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен «Ләтипа Қожықова және қазақтың ұлттық сурет өнері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасын тапты. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты. Конференция барысында тарих ғылымдарының кандидаты Тұрсын Хазретәлі, өнертанушылар Гүлнар Жұбаниязова, Жамбыл Нәтбаев сынды зерттеуші ғалымдар қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш театр суретшісінің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндама оқыды.                     – Ол кісінің өзгелерге ұқсамайтын сәндік қолданбалы өнерінде қалдырған қолтаңбасы ерекше. Оның қолынан шыққан киімдерді кезінде Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова, Роза Бағланова сынды қазақ атын әлемге танытқан тұлғалар киді. Өнерлі әулеттің анасы жары – Қоңырқожа ағамызбен бірге талантты төрт ұл тәрбиелеп, ұлт өнері үшін өміршең мұралардың сақталып қалуына ықпал етті. Ал, ағайынды Қожықовтардың суреттері бояуының қанықтығымен, композициясының нақтылығымен қашанда жоғары бағаға ие болды. Қазақстаннан шыққан тұңғыш театр және кино суретшісі Құлахмет Қожықовтың туындылары бүгінде әлемдегі үздік он сурет топтамаларының қатарына енген, – деді өнертанушы  Жамбыл Нәтбаев.    Ал, Гүлнар Жұбаниязова Ләтипа Мұңайтпасқызының қазақ ою-өрнек өнерінің фольклорлық қорын жасауға қосқан үлесі туралы баяндады. Оның айтуынша, ісмердің қолынан жүзден аса өрнектік туындылар жарық көрген. Ал, оның ең ауқымды дүниесі – киіз үй әлі сол күйінше сақталып, бүгінде орталық музей қорындағы ең құнды жәдігерлерге айналған. Осы тәріздес еңбектері қазіргі таңда әлемдік Мәскеу, Санкт-Петербург, Будапешт қалаларының музейінде сақтаулы тұр.                                                     Ғылыми конференция жұмысы белігілі режиссер Болатхан Нүсіпбековтың Қожықовтар әулетінің өмірі мен шығармашылығына арналған «Тарлан» деректі фильмінің тұсаукесерімен қорытындыланды.
                                                                                   Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
23 сәуір 2018 ж. 1 526 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам