Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » СҮЛЕЙЛЕР САЛҒАН СҮРЛЕУМЕН

СҮЛЕЙЛЕР САЛҒАН СҮРЛЕУМЕН

     Облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жыр өнерінде өзіндік дара жолын қалыптастырған Омар Шораяқұлының 140 жылдығына арналған жыр кешін өткізді. Шараны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмас Алматов жүргізді.
Сыр өңірі – ежелден мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің ордасы, құтты мекен, қасиет дарыған өлке. Балқы Базар, Нысанбай жырау, Қарасақал Ерімбет, Тұрмағамбет, Жиенбай жырау, Даңмұрын мен Нақып, Бұдабай мен Дүр Оңғар секілді сүлейлер кезінде өрелі өнердің өрісін кеңейтті, ұрпаққа ұлағат дарытты. Олардың жыр-дастандарын қазір ел-жұрт қастерлеп, айтыс-жырларын сүйіспеншілікпен айтып жүр. Сондай халқы пір тұтқан Сыр сүлейлерінің бірі – Шораяқтың Омары.
Ұлттық рух бар жерде рухани жаңару күш алады. Ұлттық сана, ұлттық код – сол игіліктің түпқазығы. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген басты бағыттың бірі – осындай жыр мұрасын ел арасында дәріптеу.
Омар Шораяқұлының шығармалары халық ақындары мен жырау-жыршылары арқылы жұртшылығы арасындакеңінен тарады. Тындаушылар арасында жоғары бағасын алды.
Шара барысында ақын шығармашылығына кеңінен тоқталып өткен жырау Алмас Алматов:
– «Кетеде Шораяқтың Омары өтті, Өлгенше өлең-жырды жоғары етті» деп кезінде өзінің өскен ортасы жайлы тебірене тіл қатқан. Тұғырлы тұлға ел-жұртының қадірлі ақыны бола білді. Оның адамгершілікке, ізгі қасиеттерге үндеген термелері мен толғаулары, өткір айтыстары, нақыл сөздері, жұмбақтары өзінің ізін басқан ақын-жыршылар үшін үлкен тәлім аларлық мектеп болды. Сыр сүлейі өзінің қысқа ғұмырында  жиырмаға жуық дастан мен мысалдар, екі жүз елуден астам өсиет, лирикалық толғау мен жұмбақ өлең, жыр-термені ел назарына ұсынды, – деді.
Жыр мерекесіне Сыр өңіріне белгілі жыраулар – Бидас Рүстембеков, Берік Саймағамбетов, Ақмарал Ноғайбаева, Шолпан Бимбетова, Руслан Ахметов, Майра Сәрсенбаева, Әділхан Қуаңбаев, Серік Жақсығұлов, Айдос Рахметов, Марат Сүгірбай, Күнсұлу Түрікпенова және жас буын жыршылар қатысты.
Омар ақын – Шегебай Бектасұлы сынды Сыр сүлейін ұстаз тұтты.  Ұстазымен елді аралап жүріп, халықпен етене араласты. Ақын-жыраулардың өнеріне құлақ түріп өсті. Кейіннен өзі де соларға еліктеп, жыр-терме, өлең-толғаулар мен дастандардан басқа, көптеген мысалдар жазды. Айтыс шебері атанды.
Жыр кешінде шайырдың шығармашылық мол мұрасы туралы Мәдениет қайраткері, жырау Жұмабек Аққұлов:
– Шораяқтың Омарының әдеби мұрасы-кең, тағылымдық мәні ауқымды дүние. Басты идеясы – халыққа қалтқысыз қызмет ету. Ақынның мысалдарының да ауқымды тағылымдық мәнге ие екенін айтуға болады. Сол арқылы қоғамдағы келеңсіз жағдай мен түрлі мінез-құлықтарды әжуалап, жақсыны үйренуге үгіттеп отырған. Тұғырлы тұлғаның «Қанағат», «Қара шекпен», «Бір пиала май», «Маймыл», «Һақ Сүлеймен» сияқты мысалдары бар. Бұл шығармаларының желісі адамгершілікке үндеу, жастарға өсиет айту орынды, – деді.
Жыр кешінде «Алты алаштың шайыры» атанған ақынның «Шайхыға хат», «Ұстаздарыма», «Сөйле тілім жосылып», «Зүлзалал», «Әділ іс» секілді толғау термелері орындалды. Өнер кеші жоғары деңгейде өтіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Кешті Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Мәжит Самитов қорытындылап, фестиваль қатысушыларына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің алғыс хаттары мен сый-сияпаттарын табыстады.
                                                                            Биболат Сағындықұлы
23 сәуір 2018 ж. 1 973 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам