НҰРЖАН КЕРМЕНБАЕВТЫҢ ЖАРЫ КҮЙЕУІ ГАСТРӨЛДЕ ЖҮРГЕНДЕ ЖАЛҒЫЗСЫРАП ҚАЛАТЫНЫН АЙТЫП, ЖЫЛАП ҚАЛДЫ
Нұржан Керменбаев жары Назеркемен ән кештерінің бірінде танысқан. Кішігірім жол апатына ұшырап, кешігіп Тараз қаласына жеткен соң, алдынан болашақ жары шыға келген. Көп ұзамай Назеркені әлеуметтік желі арқылы тауып, хат жазған. Жақынырақ танысып, үш кездесуден кейін өмірлік жар етіп алған, деп жазады Stan.kz.
Бүгінде Нұржан мен Назеркенің қос ұлы бар. Алайда бұл бақыт жұпқа бірден келе салмаған. Бұл жайында Нұржан “Астана” арнасының “Той жыры” бағдарламасында айтып берді.
“Хабар келмей жүргенде, қатты ыңғайсыздандым деп кейіннен айтты. Естіп жатамыз, бірнеше жылдап балалы бола алмай жүрген адамдар бар. Енді сен үш айда сондай күйге түссең, олар не болды екен деген ой келді. Аллаға сансыз шүкір, қазір екі қосқанатымды сыйлады. Үйге келіп, баланы иіскеген кезде барлық шаршағаның ұмытылып кетеді”, – дейді Нұржан.
Тұңғышын босанған кезде Назерке небәрі 20 жаста болатын. Керменбаевтың келіншегі ұлын дүниеге әкелген соң, аурухананың жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Ол күнді Нұржан былай деп еске алды:
“Ұлымды алғаш болып көрдім, анасы да көрмеген. Өйткені бұл кісі кішігірім комаға түсіп қалды. Жан сақтау бөлімінде жатты. Баламның жанына барып, құшақтап алдым. Фатиха сүресін оқып, бір жылап алдым. Масқара болды. Әке, ана болған азаматтар біледі. Ең алғаш көргенде расымен өкіріп тұрып жылап алдым. Еркек басыңмен жылау да күнделікті бола бермейді”, – дейді Нұржан.
Ал Назерке отағасының үнемі гастрөлде жүруі әйел баласы үшін оңайға соқпайтынын атап өтті.
“Жаныңда болғанын қалаған кезде, болмай қалады деген сияқты тұстары бар. Көбіне балаларына көбірек көңіл бөлсе екен, әрбір қылықтарын көріп, өскенін көрсе екен, жанында болса екен деп ойлайсың. Бір жағынан, жанымда анам бар. Көмектесіп, жалғызсырағанда сезбеймін, жалғыз емес екенімді білемін. Мама бар кезде, жоқтығы қатты білінбейді”, – деген Керменбаевтың келіншегі көзіне жас алып, жылап қалды.