ӨНЕРГЕ ҚҰШТАР, ӨМІРГЕ ІҢКӘР
Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Жұлдызай» республикалық шығармашылық фестивалінің аймақтық кезеңі өтті. Шығармашылық фестивалі биыл Астананың 20 жылдығы аясында жүзеге асты. «Астана – бақыт мекені» атты тақырыпта өткен шарада 10-18 жас аралығындағы өрендер бақ сынады.
Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысып, бүлдіршіндерге сәттілік тіледі.
– «Жұлдызай» фестивалі – ерік-жігері ерекше мықты балалардың өміріндегі жаңа баспалдақ. Жаймашуақ көктем күнінде облыстың әр түкпірінен келген жеткіншектер өз өнерлері мен шығармашылық туындыларын ұсынатындығы бойымызға бір қуаныш сыйлап отыр. Мен бүгінгі шараға қатысқан барлық балаларға шексіз ризашылығымды білдіремін. Себебі, олардың өнерінен өмірге деген сүйіспеншілік, күш-жігер, рух сезіледі, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Әртүрлі номинацияларда өз өнерлерін көрсеткен бүлдіршіндерге облыстық білім басқармасының дипломы мен сыйлығы табысталды. Шектеулі әлемнен шексіз өнерге бейім қылған құдіретті күш оларды тек алға жетелейді. Өнерімен өрге жүзген балақайлардың ішінен олжалы атанған жеңімпаздар 1 маусым – халықаралық балалар күніне орай Астанада өтетін мерекелік шараға жолдама алды.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.