НҰР СЕБЕЛЕ, ҰЛЫҚ МЕЙРАМ
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Айғаным» мейрамханасында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мерекелік дастарқан жайылды. Игілікті шараны қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға үйден қызмет көрсету бөлімі ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – балаларға Наурыз мейрамының тойлануы, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын насихаттау, ұрпақ санасында жаңғырту. Жиын барысында өмірге құштар өрендер өз өнерлерін көрсетті. Ән шырқап, би биледі.
– Бүгінгі шараға 35 мүмкіндігі шектеулі бала қатысып отыр. Олар жыл сайын әр мерекеге байланысты түрлі шараларға белсенді атсалысады. Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың әрбіріне қуаныш сыйлап, қамқорлық көрсету керек, – деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Кенжегүл Құрақбаева.
«Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!» атты шарада қазақтың баланы бесікке бөлеу және құда түсу, сырға салу салт-дәстүрлері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, өнер мектебінің өнерпаздары кеш қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Таңшолпан КЕНЖЕБАЕВА,
ҚМУ-дің IV курс студенті