ЖАҢА ОҚУЛЫҚ – БОЛАШАҚҚА БАСТАМА

Жоба шеңберінде 800-ден аса оқулықтың тізімі жасалған. «Ұлттық аударма бюросы» алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, алғашқы 18 оқулықты аударды. Алдағы уақытта ол кітаптар 10 000 дана таралыммен басылып, еліміздегі оқу орындарына тегін таратылмақ.
– Аударылған оқулықтарды таңдауда алдымен, дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы 100 университеттің бағдарламасында болуы мақсат етілген. Сонымен қатар, кемінде үш рет баспа жүзін көруі тиіс болған. Ал таңдап алынған оқулықтар он рет қайта басылып шыққан екен. Үшіншіден, соңғы үш жылда оқулық студенттер үшін де, оқытушы мамандарға да қажетті, таптырмас оқу құралы болуы қажет. Демек заманауи талаптарға сай болуы қажет етіледі. Сондықтан, аударылып жатқан жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болып саналады, – деді Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Бақытжан Сайлыбаев.
Ал, Абылайхан атындағы жоғары колледж директоры Руслан Дүлдүл жобаның үш артықшылығын айтып өтті. Біріншіден, қазақ мектептерінде аударма ісін дамытады. Сондай-ақ, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім беруді жаңғыртуға ықпал етсе, қазақ әдебиеті ғылымын байытуға мүмкіндік туады.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.