ҚЫЗЫЛОРДАДА ИРАНДЫҚ КҮРІШ ЕГІЛЕДІ
Қызылорда облысының Қармақшы ауданы Ақтөбе ауылындағы «Ақтөбе және К» ЖШС биыл 500 гектарға ирандық «Торем Хошеми» сұрпын егуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Серіктестік диқандар күріштің бұл сортын былтырдан бастап сынақтан өткізді. Алғашқыда бар-жоғы 2 гектарға егілген сұрып былтыр 70 гектарға артқан. Өнімді Иран еліне жөнелтуге жол ашылды. Ендігі кезекте жергілікті диқандар сол мемлекеттен түскен тапсырысты орындауға ниет танытып отыр. «2016 жылы Иранға жол түсті. Онда күріштің аталған сұрпы ерекше сұранысқа ие екенін аңғардым. Бағасы да бізден 5-6 еседей қымбат. Жаңа сортты алып келу бізге оңайға түскен жоқ. Алғашқыда 2 гектарға егілген күріш алқабынан көңілдегідей өнім жинадық», - дейді серіктестіктің бас директоры Нұрлан Іздібаев. Айта кетерлігі, серіктестік мамандары алғашқы алып келген тұқым мен бір жылдан кейін еккен тұқымды салыстырып көрген. Алматыдағы арнайы зертханада өткен сараптама барысында тұқымның барысы да, құрамындағы элементтері де байи түскенін аңғарған. Осылайша жергілікті диқандар ирандық әріптестерімен іскерлік байланыс орната отырып, келешекте ирандық күріш сорты алқабын арттыруға мән бермекші.