ЕРЛІК – ЕЛДІҢ ҚАСИЕТІ
Адамзат тарихындағы ең зілді де зұлматты соғыстың артта қалғанына биыл 73 жыл толып отыр. Жеңіс күні – нағыз табандылық пен батылдықтың, өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктің символына айналған абырой мен даңқтың мерекесі. Сондықтан ардагерлерді құрметтеу – баршамыздың парасатты парызымыз. Біле білсек, бүгінгі бақытты өмірге жеткеніміздің өзі – сол кісілердің арқасы.
Өйткені, сұрапыл соғыста жауынгерлер жеңіс сағатын жақындату жолында тынбай тер төкті. Сол қасиетті жолда қаншама боздақтар қыршынынан қиылды. Бүгінгі мерекенің құндылығы мен қымбаттығы осыдан. «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деген екен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы.
Ардагерлер – кешегі Отан қорғаушылар, еліміздің көркеюіне үлес қосып, ерен еңбегімен соңына өшпес із қалдырған аяулы жандар. Демек, олардың оқ пен от ортасындағы ерліктері әрдайым ел жадында. «9 Мамыр», «Ұлы Жеңіс күні» дегенде әрқайсымыздың жүрегіміз керемет сезімге бөленері анық. Иә, бұл – аталарымыздың қан кешіп жүріп, аналарымыздың тылдағы ерен еңбектерімен келген қуаныштың күн. 1418 күнге созылған сұрапыл соғыстың ылаңы сол қиын күндердің жүгін иығымен көтерген аға буынның көз алдында екені хақ. Өйткені, олар әр сәт сайын ажал аждаһасымен бетпе-бет келді. Сол тажалдың тырнағынан аман қалғаны елге оралды. Сөйтіп, олар бейбіт аспан астында халқына одан әрі қалтқысыз қызмет атқарды.
Сейітхан Шілдебаев Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылында 1925 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Он сегіз жасқа толысымен 1943 жылы екінші дүниежүзілік соғысқа аттанды. Белорус майданында болған ол от пен оқтың ортасында қан кеше жүріп, Витебск, Смоленск, Бобруйск қалаларын азат етуге атсалысты. Осынау сұрапыл соғыста 1 рет контузия алып, 1 рет аяқтан жараланып, Тула қаласында 2 ай госпиталде емделіп, соғысқа қайта кетті. Қолынан қаруы түспеген кейіпкеріміз соғыстан кейін де бір жарым жыл әскерде болып ел тыныштығын қорғаған. Кейін елге келіп, 1947 жылдан Гидрометте Сырдария деңгейін өлшеумен айналысып, жұмысын абыроймен атқарып, 1985 жылы зейнетке шықты. Ұзақ жыл ауа райын зерттейтін аға бақылаушы болып қызмет істеп біраз жетістіктерге жетті.
Ол – «Қызыл Жұлдыз», Отан соғысының 1, 3 дәрежелі ордендерімен, Германияны жеңгені үшін және Украинаны азат еткені үшін, Сталинниң арнайы марапатына ие болған ардагер. Жеңіс күні қарсаңында әр жыл сайын айтулы мерекеде түрлі медальдармен марапатталып отырады. Тәуелсіздікті алғаннан кейін мемлекет тарапынан соғыз ардагеріне құрмет көрсетіліп, үй берілді. Бүгінде Сейітхан ата сол құтты қонысында тұрып жатыр.
Кейіпкеріміз 1950 жылы отбасын құрды. Жұбайы – Дәмеш екеуі 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Алайда, 1972 жылы ақсақалдың жұбайы дүниеден өтті. Қазір ақсақалдың 4 ұл, 3 қызы, 30 немере, 27 шөбересі бар. Керегесі кең бір шаңырақ астында айрандай ұйып отыр. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардагер «әр балам бір төбе» деп көз қуаныштарының үйін аралап, немере-шөберелерінің қызығын қызықтап жүрген жан. Кенже баласы әке жолын жалғастырып, бүгінде ауа райын зерттейтін орталықта қызмет атқарады.
– Мемлекет бізге өз қамқорлығын көрсетіп келеді. Аллаға шүкір, денсаулығым да жақсы. Жыл сайын ауруханаға жатып емделіп отырамын. Осындай аспанымыз ашық, тәуелсіздігіміз тұғырлы елді, Қазақстанды көрген менде арман жоқ, – деді ардагер.
Ұлы Отан соғысындағы жеңісті тарих ешқашан ұмытпайды. Сұрапыл соғыс азабын тікелей көргендерді бүгінгі ұрпақтың аялай қамқорлыққа алған абзал. Майдангер ата-апаларымыз қандай құрметке де лайық. Сондықтан оларға деген қызметіміздің сапасы ешқашан бәсеңдемейді.
Ерлікке – мәңгі тағзым, біз мұны әрдайым есімізде сақтаймыз және уақыт өткен сайын майдангерлердің, яғни, сіздердің жауынгерлік қаһармандық ерліктеріңізді құрметтейміз.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.