Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚЫРАН ҚАНАТТЫ ҚАРИЯ

ҚЫРАН ҚАНАТТЫ ҚАРИЯ

  Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына 73 жыл толады. Ең өкініштісі, сол қанды қырғын соғысқа қатысқан қарт  майдангерлердің қатары жыл санап селдіреп барады. Кәдімгідей саусақпен санап аларлықтай-ақ қалды. Мұз жастанып, қар жамылған, толарсақтан су мен қарасазды кешкен жандардың өмірі от пен оқтың ортасында өтті. Осындай жанның бірі – қарт майдангер Дүйсенбай Мұсаұлы. Ол жалын атқан жастық шағында қан майданға аттанып, 18 жасында от кешті, қабырғасын оқ тесті. Сонда да жаудан қыңбады, оны жеңбей тынбады.
  Жас жігіт оқ тисе де құламай, қайта өршелене түсіп, хас батырдай қасарыса алға ұмтылды. Жау көргенде тиген оқтың жанына батқанын сезбей, оған арыстанша атылды. Бұның барлығы қазаққа тән бойындағы қайсарлық, намысқойлық, өрлік, батырлық, қызбалық, өжеттік болса керек.  Бүгінде тоқсан төрттегі қарт майдангер соғыс салған лаң мен жараны әлі күнге ұмытқан емес. Абыз жасқа келсе де жадында сақтаулы.  Сөз арасы «Е, балам, біз көрген қиындықты, біз көрген соғысты, бүгінгі жастар көрмесін» деп терең күрсініп қойды.
Қалың құстөсектің үстінде, аса бабпен жатқан қарт сарбазды шаршатып алмайын деген оймен ыңғайына қарадым. Әңгімені қалай бастарымды білмей тұрдым да "Көке, көктемнің алғашқы наурыз айы ішінде толған төре жас тоқсан төртіңіз құтты болсын"дедім сөзді алыстан орағыта.
  Әңгімені неден бастарымды білмей отырғанымды бірден сезген жаны сергек ақсақал:
– Айналайын, рахмет! Көп жаса, қалқам. Ұл-қыздарым жиналып мені құрметтеп атап өтті ғой. Дене қозғалысым ауыр тартқанмен өткен өмірімнің бәрі есте. Қысылмай айта бер. Бұл да болса Алланың берген абыройы шығар, қарағым. Қолға қарағаныммен, бабымды балаларым жасап отыр. Құдайға, мың да бір, шүкір! Мына, немерем Дархан мен немере келінім Гүлім екеуі мені өз балаларындай аялап, қарауда. Оларға Алланың нұры жаусын! Балаларыма ризамын. Дегенмен, бұл тоқсан төртің оңай жас емес екен, қарағым» деп бір уҺілеп қойды. Көзінің жанары қараңғыланып, құлағы ауыр тартқан. Бірақ сөзі ширақ, жады қалпында. Қарттың мына қуатты сөзінен кейін көңілім көтеріле түсіп, отты шақтан сыздықтата сыр тарта бастадым. Көрген-білгенін айтуды өтіндім.
– Есіңде болсын, қыран құс ешқашан төмен ұшпайды, қарағым. Жемін заңғар көктен көрген бойда жерге қарай құйғыта келіп шалып түскенде, оның қай жақтан тап келгенін байғұс, құрбаны байқамай қалады.  Кешегі мен бастан кешкен, мен көрген отты айқаста қазақтың әрбір сарбаздары дәл сол қырандай қырағы, алғыр болды. Оны мақтанышпен айта аламын. Мен Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылында дүниеге келіп, сол жерден тура 18 жасымда 1942 жылы сарша тамыздың 28 жұлдызында әскерге аттандым. Соғысқа салмас бұрын бізді Ашхабадтағы даярлау полк училищесіне апарып, кіші командирлік курсын 7 ай оқытты. Содан оны аяқтаған соң 1943 жылы 28 наурызда Өзбекстанның Бұқара қаласына әкелді. Осы жерде кіші командир болып жауынгерлерді жаттықтырудан өткіздім. Тәртіп қатал. Соғысқа күнде қызу дайындық жүруде. Арада 4 ай өткеннен кейін алдымен Мәскеуге, іле-шала Свердловск облысындағы Камышлов ауданына жіберді. Содан 60-шы армияның 248 атқыштар бригадасында кіші командир болдым. Украина майданында от пен оқтың ортасына түстім. Оның аудандарын жаудан тазартуға кірістік. Бұл аумақтарды немістерден арылту өте қиынға соқты. Өйткені, онда немістер әскери техникалық соғыс базаларын орнықтырған. Елінде жүргендей еркінсіп, жергілікті халықты уысында ұстап, бағындырып алған. Күнде қырғын, жан-жақ алапат өрт. Құлаққа бір тыным жоқ. Зу-зу етіп төбеңнен тынымсыз оқтар ұшып жатқаны. Айнала гүрс-гүрс жарылыс. Күнде болып жатқан жарылысқа, атыс-шабысқа денең де үйреніп кетеді екен. Бір Аллаға сыйынам да қарша бораған оқтың ортасына жауынгерлерді алға бастап, қуаттандыра айқай салып қойып кетем. Арқада ауыр жүк. Сол жүкпен 8 тәулікте 500 шақырымнан аса жерді жаяулап-жалпылап жүріп өткен күндеріміз өте көп болды. Күндер өте келе оқтан да, жаудан да қорықпайтын, иықтағы ауыр жүкті сезбейтін де болдым. Менің ойым – жауды ертерек тездетіп жеңу. 
  Ардагер ағамыз ағынан жарыла өткен шақтан сыр шертті. Қиын күндер жайында әңгімеледі.
– Соғыстың ең қиыны Днепр өзенінен жау жақ бетке өту болды, – деп әңгімесін жалғады ол кісі. Талай боздақтар мен бозымдар осы жерде опат болды. Немістер күндіз-түні өзенді өте қырағы күзетумен тұрды. Су бетінде жорғалаған нәрсе болса, қағып тастап отырды. Түнде болса да айқұш-ұйқыш прожектор салып, аңдиды. Біздер үшін 9 қазанда Днепрден жау бетке өту үшін нағыз алапат айқас енді басталды. Қарша жауған оқ бас көтертпейді. Өзенге түсу мүмкін емес. Кеудеңді көтертпейді. Өзен бетіне шыққан солдаттарға бұрқ етіп зеңбіректің оғы түсіп, су бетінде жалп ете түсіп жоқ болып кетіп жатыр. Содан мен 11 қазан күні жауынгерлермен 4-ші өткел тұсын бұзып, Днепрді кесіп өттік. Өткен бойда алға «уралап» кетіп барамыз.  Жауынгерлер соңымда айқай салып келеді. Денем жылып барады. Тер шығар деп ойлап, жүгіріп келем. Оған қарайтын шама жоқ. Бір кезде сол жақ аяқтың жуан санына оқ тиді. Құлап түстім. Аяғым басуға жарамай қалды. Сол кезде барып қабырға тұсымды ұстасам, қабырғама оқ тиген екен. Оқ тесіп өткен. Көзім қарауытып, құлағым бітеліп, қызылды-жасылды әлемнің ішіне еніп кеттім. Адам ет қызумен ешнәрсені сезбейтіні сонда білдім. Сол жерден есімнен танып құлап қалған мені бір тәуліктен кейін тауып, госпитальға алып кетіпті. Содан 5 ай бойы Каратопе, Курск, Чкалов госпитальдарында  жаттым.
  Тұрсынбай ағамыз әңгіме арасында соғыс жайлы айтқан сайын «Айналайын, әрдайым еліміз, жеріміз аман болсын. Бұндай соғысты балаларымыз әсте көрмесін» деп жиі қайталаумен болды.  Өйткені, Днепр өзенінен өткенде оның бетін жауып қалған адамның өлі денесін көргендегі көріністі ауыр еске алып, ұзақ үнсіз отырып қалды. Соғыс жылдары ауылдан өзімен бірге майданға аттанған түйдей құрдастар 16 боздақтың 4-уі ғана аман келіпті. Қаншама ағайын-туыстары оттың ортасынан қайтпай қалды. Ал өзінің ең үлкен ағасы сол соғыстан қайтпады.
  Сол соғыс салған ауыр жарақаттан айыға алмай елге оралды. Ауылдың ауыр тірлігін көзбен көрген ол тіршіліктің қамытын мойнына ілді. Еңкейген кәріден, еңбекке жарар балаларға дейін қабырғасы қайысып егістікте еңбек етіп жүргендерін көріп, бір күн бос жүруге дәті шыдамады. Келген бойда бел шешпей еңбекке кірісті. Қолынан келгенше бейнетті белшеден кешуден қашпады. Сөйтіп жүргенде Жеңіс деген құдіретті сөзді ауылда естіп, ауылдан қарсы алды. Сүйінші елді аралап тарап кетті. Қуаныштан ағыл-тегіл жылау, бір-бірін қабыстыра құшақтаған көл-көсір қуаныш. Бір күлу, бір жылау. Ақсарыбас мал шалынды. Ауылдан майданға аттанған 300 азаматтың алды орала бастады. Алайда, майдан даласына аттанған азаматтардың жартысы ғана аман-есен ауылға, туған жерге келді.
Қан майданның қақ ортасынан жаралы қайтқан Дүйсенбай Мұсаұлы ел еңсесін көтерген шақта Базаркүл есімді арумен шаңырақ көтерді. Онымен 62 жыл бірге тату-тәтті ғұмыр кешіп 5 ұл, 4 қыз бауырынан өрбітті. Бұлардың бәрі де бұл күнде үйлі-баранды, балалы-шағалы. Алдары немере сүйіп отыр. Бүгінгі елдің дамуына сүбелі үлес қосып жүргендер.
  Қолындағы өзіне қарап отырған немересі Дархан мен немере келіні Гүлімге деген  аталық сүйіспеншілігі шексіз. Сөз арасы бүгінгі жастар жайлы да ойын тарқатты. Қырық жасында намазға ұйыған ақсақалдың ұлағатты сөзі жастарға үлгі.
– Қолымнан келгенше балаларыма біреудің ала жібін алушы болмаңдар, біреуге жамандық жасамаңдар, үлкендердің алдынан кесіп өтпеңдер деп үйреттім. Өйткені мен өзімнің маңдай тер, адал еңбегіммен бүгінгі күнге жеткен адаммын. Үлкен абырой сол. Бүгінгі жастар жайын балалардан естіп қалам. Баяғыда үлкендеріміз: «Е, Алла бала бер, Оған қоса сана бер» деген. Міне, шырағым ең бастысы баланың санасы болсын деңіз. Менің кезінде өз балаларым шөп те шапты, пішен де орды, егін де салды. Үй тірлігін, сырттағы шаруаны да бір кісідей істеді. Одан жаман болып өскен жоқ. Бала үй шаруасын істеу керек. Шыңдалып өседі. Тез жетіледі. Тірліктің көзін табатын болады. Мен өзі шарушылықта ұзақ жыл күрішші болдым. 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденін алдым. Бұл – елге еткен еңбегімнің өлшемі. Бірнеше медальдармен марапатталдым. Талай рет бесжылдық жарыстың озаты атандым.  Ал ең бастысы адам болып қалу керек.
Сонау қан майданнан ауылға келгенде демалудың өзін ар санадым. Бүгінгі жастар тәуелсіздіктің, егемендіктің, бостандықтың, бейбіт өмірдің қадірін білуі керек. Менің жастарға айтарым осы,– деп қарт майдангер ел есендігі жолында ақ батасын арнады.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ
02 мамыр 2018 ж. 1 327 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам