ҚР ІІМ БАСШЫСЫ МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАРДЫ ТАПСЫРДЫ
Ішкі істер министрлігінде Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысының Жеңіс күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өткізілді. Шараға министрлік басшылығы және орталық аппараттың жеке құрамы, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қатысты, - деп хабарлайды BNews.kz.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов барлық қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтап, бірқатар қызметкерге мемлекеттік наградалар тапсырды. І дәрежелі "Даңқ" орденімен Есірткі, психотроптық заттар мен олардың заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы директорының орынбасары А.Ш. Шаяхметов наградталды. Алматы облысының ІІД бастығы М.Ж.Үрімханов ІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен наградталды. ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен Алматы қаласының ТЖД Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметінің №2 өрт сөндіру бөлімшесінің қарауыл бастығы М.Қ. Құлназаров және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімшесінің командирі С.А. Шекарбеков марапатталды.
Қызмет өткеру барысында ерлікпен қаза тапқан Астана қаласының ІІД жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция полкінің полицейі Д.Е. Төрібековке тағайындалған ІІІ дәрежелі "Айбын" ордені оның анасына табыс етілді. "Айбын" ІІІ дәрежелі орденімен Қостанай облысының ТЖД Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметінің № 2 мамандандырылған жасағының аға өрт сөндірушісі Ж.Қ. Ысқақ наградталды.
"Ерлігі үшін" медалімен Көліктегі ІІД Атырау станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекоры Т.А. Әзбергенов, Астана қаласының ТЖД № 6 өрт сөндіру бөлімшесінің аға өрт өндірушісі А.Б. Алижанов, Қызылорда облысының ІІД жедел ден қою арнайы жасағының инспекторы Б.М. Нұржанов, Атырау қаласының ІІБ жол-патрульдік полиция батальонының взвод командирі Д.С. Шоқпытов наградталды. Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімі командирінің орынбасары Т.Р Рахимов, "Ерен еңбегі үшін" медалімен Алматы облысы бойынша ҚАЖД ЛА-155/4 мекемесі бақылау қызметі бөлімі жасағының бастығы С.М. Оразаев, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАДЖ ИЧ-167/11 мекемесі кесте және күзет бөлімінің корпус бойынша аға қызметкері Б.Қ. Сүгірәлиев марапатталды. "Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен" Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД АК-159/17 мекемесінің бастығы И.С. Бендерский марапатталды.
Атап өтер жайт, Ақордада Отан қорғаушылар күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы, ел Президенті Н.Ә. Назарбаев Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Ж.Қ. Сүлейменовке, ІІМ Көші-қон қызметінің төрағасы М.Т. Қабденовке, ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы А.Х. Баймурзинге, Ақтөбе облысы ІІД-нің бастығы М.Х. Абисатовқа, ҚР ҰҰ "Орталық" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары Ұ.Т. Абыкеевке, ҚР ҰҰ "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары Д.В. Бочаревке жоғарғы генерал шенін тапсырды. Мемлекеттік наградалармен ішкі істер органдары және Ұлттық ұланның барлығы – 28, ведомстволық наградалармен 1045 қызметкері наградталды.