ШАҢЫРАҚ ШУАҒЫ
Сонау 1941 жылдары 18-20 жастың арасындағы соғысқа кірген қылшылдаған жігіттер бүгінде тоқсан жастың үстіндегі қарттарға айналды. Олардың қатары еліміз бойынша да көп емес. Ал Қызылорда қаласында бүгінде көзі тірі соғыс ардагерлері санаулы. Сол соңғы куәгерлердің бірі — қаламызда тұратын Асанбай Әбдірахманов атамыз.
Асанбай атаның бес қаруды асынып Отан қорғаған жастығы көкейінен өшкен емес. Жыл сайын Жеңіс күнінде түрлі мекемелер құттықтау жібереді. Биліктегілер болса арнай келіп сәлем береді. Сірә, Кеңестер одағының жиырма миллионнан астам халқын құрбан қылған соғыстың қанмен жазылған мұрағатына есімі өшпестей болып жазылған болуы керек.
Асанбай ата 1925 жылы Қазалы ауданының қазіргі Бекарыстан би ауылында дүниеге келген. Бүгінде тоқсан үш жасқа келсе де, ойы сергек, өткен өмірі көңілінде сайрап тұр. Оны айтқанда, жаңылмайды да, бұрынғыны бүгінгідей барлайды. Сыр өңірінде туып, өскенін мақтаныш тұтады.
Өкінішке қарай, жастық жылдарының аспанын қара бұлт басып, соғысы құрғыр басталады. Ал соғыстың өз тәртібі бар. Содан 1941 жылы Асанбай өзінің ағасы Асанханмен бірге майданға аттанады. Ағайындылардың екеуі де тарихтағы екі майданда да ерлік көрсеткен. Күн сайын бірнеше қала жау шеңгелінде қалып жатқан уақытта ағасы Асанхан Ленинградты, өзі Мәскеуді қорғады. Жау Мәскеудің етегіне келіп, Отанға қауіп төнген шақ болатын. Ағайынды екеуі бір жыл бойы үзбей бір-бірімен хат алысып тұрған. Бірақ, ол ұзаққа созылмайды. Асанбай ата 1942 жылы ағасынан тоғызыншы және ең соңғы хатын алған еді. Асанхан Ленинградты қорғауда ерлікпен қаза тапты. 1943 жылы Асанбай артиллеристер қатарында шығыс майдан шебін бетке алады. Алғашқыда олардың қайда бағыт алғанын ешкім білмейді. Айдан аса уақыт жүріп Новосибир қаласына келеді. Осындағы қала іргесіндегі бір станцияда жедел түрде оқытады. Ол артеллерияда қатардағы бағыттаушы болатын.
Оқуды жеделдете аяқтаған Асанбай Қиыр Шығыс майданының армиясы қатарына еніп, Жапонияға бағыт алады. Сол кеткен майдан жорығынан 1947 жылы бір-ақ босайды. Мұнан соң тағы екі жыл әскери қызметте болып, елге 1950 жылы оралады. ІІІ дәрежелі Кутузов ордені мен басқа да медалдары кеудесінде жарқырайды.
Соғыстан оралысымен еңбекке кірісіп кетеді. Өз туған жері Қазалы ауданында еңбек жолында даңқы шықты. Көкейіндегісін батыл жеткізетін басшы бола білді. Кеңес үкіметі тұсында Асанбай аға "Қаракөл” кеңшарын басқарды. Ол тұста қаракөл қойын өсірумен айналысатын ауылдың атағын Одаққа танытты. Шаруашылықтың түтіні түзу ұшуына Еңбек ері атанған Асанбай Әбдірахманов айтарлықтай үлес қосты. Көкеміз зейнет демалысына шыққанша шаруашылық тізгінін берік ұстады.
Соғыс ардагерінің өз жарын тапқаны жайындағы естелігі де қызық. 50-ші жылдары елге келген соң да тынышын алған соғыс жарақаттарын емдетуге дәрігерге барған екен. Сондағы медбике қызды бір көргеннен ұнатыпты. Бұл медбике қыз болашақ дәрігер, Сыр өңірінің медицина саласына елеулі үлес қосқан Рыскүл Күлмеснақова болатын. Асанбай ата сол асыл жарымен бірге, бауырынан өрбіген он баласының немере, шөберелі ортасында бақытты өмір кешуде.
Биболат Сәтжан