Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » АНА ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ НӘРЕСТЕГЕ ӘСЕРІ БАР

АНА ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ НӘРЕСТЕГЕ ӘСЕРІ БАР

    Елбасы өзінің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында ұлт саулығын жақсарту, денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелеріне жан-жақты көңіл бөліп келеді.  Оның ішінде ана мен бала денсаулығын сақтау барысында соңғы жылдары түрлі жобалар жүзеге асып келді. Ол оң нәтижесін беріп отыр. Өйткені, былтыр өңірде ана өлімі тіркелмеген. Ал, сәби өлімі – 25 пайызға төмендеді.  
Халық санын арттырып, саналы ұрпақ тәрбиелеуде дені сау ұрпақты дүниеге әкелуге назар аударуымыз тиіс. Демографиялық ахуалды жақсартуда ана мен бала денсаулығы маңызды рөл атқарады. Сондықтан оларға жағдай жасау мақсатында біздің аймақта заман талабына сай перзентхана салынып, емханаларда жүкті әйелдерді кезексіз тексеру шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ, бұл бағытқа мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. 
Десе де, нәрестелер ауруы дәрігерлерді ойландырып тұр. Барлық әйелдер денсаулығына көңіл бөлуі тиіс. Себебі, дені сау анадан дені сау бала дүниге келеді. Оны күнделікті өмірден де көріп жүрміз. Елімізде ағзасы жан-жақты жетілмеген, аурушаң, әлсіз сәбилер жарық дүниеге келетін жағдай жиі кездесуде. Тіпті, соңғы кездері уақытынан ертерек босанатындар қатары артқан. Оған бала көтеру жасындағы әйелдердің басым көпшілігінің қан аздығы мен  иммунитеті төмендігі себеп болуда.
– Бүгінде Сыр өңірі бала туу көрсеткішінен еліміз бойынша алдыңғы қатарда келеді. Біздің орталықта жылына 12 мыңнан астам нәресте өмір есігін ашуда. Ең бастысы, әйел өз денсаулығын күту керек. Оның ішінде жүктіліктің алдындағы дайындықтың маңызы зор. Қазіргі кезде жергілікті қыз-келіншектер өмірге бала әкелгенде жас арақашықтығына көңіл бөлмейді. Өйткені, ананың ағзасы толықтай қалыптасып үлгергенше, екінші баласын көтеріп қояды. Мұның өзі бала денсаулығына кері әсерін тигізеді. Осыған орай бүгінде жоспарлы жүктілік мәселесіне көңіл бөлінуі тиіс. Көбісі аяғы ауыр болған кезде уақытылы тексеруден өтуге құлықсыз. Осының салдарынан да келеңсіз жағдайлар орын алады. Ана мен бала өлімінің негізгі себебі – әйел денсаулығындағы кінәраттар мен жүктілік кезінде пайда болған әртүрлі аурулар. Оларды дер кезінде анықтап, емдеу қажет. Әйтпесе, баланың қалыпты дамуына, жарық дүниеге келгеннен кейінгі денсаулығына қауіп тудыруы мүмкін. Сол себепті, қандай ауру болмасын алдын алу керек. Осы мақсатта бар біліміміз бен біліктілігімізді ана мен баланың денсаулығын, өмірін сақтап қалуға арнап,  аянбай еңбек етіп келеміз, – деді облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары, жоғары санатты акушер-гинеколог Сәуле Жақанова.
Айта кету керек, қазір перзентханадағы премиум класс құрылғысынан аймақтағы жүкті әйелдердің барлығы скринингтік тексеруден өтеді. Онда туа біткен ақауларды анықтау үшін ультра дыбыстық зерттеуге түседі. Бұл құрылғы іште жатқан ақауларды көріп, өзгерістерді дер кезінде анықтайды. Сондай-ақ, барлық жағынан зерттеуге зор мүмкіндік беруде. Осы мақсатта мамандар Израиль мемлекетінде оқып, тәжірибе алмасып қайтқан. Соның нәтижесінде сәби өлімі төмендеп, ауру бала саны азайып келеді.
Кезінде ата-бабамыз баланы жастан емес, бесіктен, ана құрсағынан бастап тәрбиелеген. Әдетте, адам барлық нәрсені өмірге келгеннен кейін үйренеді, көреді, біледі, көңілге түйеді. Алайда, сәбидің денсаулығы үшін – әйелдің жүкті кезіндегі көңіл-күйі, психологиясы да аса маңызды. Өйткені, сол уақытта көп ашуланып, жүйке жүйесі сыр беріп, мазасызданса іштегі нәрестеге әсер етеді. Бүгінде бесіктен белі шықпаған баланың ашуланшақ, жылауық, беймазы болатыны осыдан шығар. Бір қызығы, анасы нені көп үйренсе, нені көп білсе, кейін бала сол нәрсені тез игереді екен. Осындайда «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетпек» деген тәмсіл еске түседі.
                                                                      Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.
15 мамыр 2018 ж. 1 862 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам