ҰРПАҚ САУЛЫҒЫ ҰМЫТ ҚАЛМАУЫ ТИІС
Өткен аптада Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының мәжіліс залында дүниежүзілік денсаулық күніне орай «Репродуктивті денсаулықты қорғау: денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамту жолында» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталмыш жиынға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов төрағалық етті.
Шараның мақсаты – жасөспірімдер мен жастардың ұрпақ өрбіту мәдениетін қалыптастыру, ұрпақ саулығының бұзылуын алдын алу. Конференцияға БҰҰ халықты қоныстандыру қоры бағдарламасының атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиев, қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры Шолпан Қаржаубаева, АИТВ/ЖИТС және жасөспірімдердің денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі ТМД елдері бойынша ЮНИСЕФ өкілі Руслан Малюта, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының адам ұрпағын өрбіту орталығының бас дәрігері Гаухар Көшкімбаева және тағы басқа да мамандар қатысты.
Шара барысында жасөспірімдердің репродуктивті саулығын сақтау мен нығайту бағытында атқарылған жұмысты жүйелендіру мәселесі таразыланды. Бүгінгі күні елімізде ұрпақ өрбіту саулығын қорғау өзекті мәселеге айналып отыр. Мамандардың берген мәліметі бойынша, жыл сайын жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің 6 мыңнан аса жағдай тіркеледі. Оның әрбір үшіншісі түсік жасатумен аяқталады.
Қазақстандық білім беру жүйесінде жыныстық тәрбиеге арналған пән енгізілмеген. Репродуктивтік органдардың жұмысы адам анатомиясының бөлігі ретінде 9 сыныпта, яғни 15 жаста биология пәнінде оқытылады. Сондықтан мамандар бұл мәселеге бей-жай қарамау керектігін алға тартты. Бала туу жасындағы әйелдердің ұрпақ әкелу саулығының төмендеп бара жатқандығы байқалады. Дәрігерлердің айтуынша, гинекологиялық аурулардың, жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезең асқынуларының саны артып келеді. Сондай-ақ, отбасылық жұптардың шамамен 15-20 пайызы жасөспірім мен жастық шағында жыныстық мінез-құлық денсаулығына қатерлі және қауіпті зардаптарынан болатын бедеуліктен зардап шегуде.
Әрбір отбасының бақыты, асқақ арманы – сәбидің шат күлкісі. Сондықтан әрбір азамат ұрпағының болашағына жауапкершілікті жүрегімен сезінетін жағдайда болуы тиіс.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.