ҚҰРАЛАЙДЫҢ САЛҚЫНЫ
Мамыр айының 14-28 аралығында бірнеше күнге ғана созылатын қатты жел соғады. Ауа райының мұндай құбылысын халқымыз ертеден қалыптасқан «Құралайдың салқыны» амалымен байланыстырады.
Қазақ ұғымында оның тектен-тек айтылмағаны белгілі.Көнекөздердің айтуынша, бұл уақытта киіктер лақтап, құралайын суық жерден тұрғызып жүгіртеді. Яғни, киіктердің төлдер кезі осы табиғат құбылысы тұспа-тұс келеді. Олар желге қарсы жүгірген жағдайда ғана төлдеуге қабілетті болады екен. Төлдері аптап ыстыққа шыдамайды. Сондықтан да мамырдың аяғына қарай табиғаттың тылсым күшімен қатты суық жел тұрады. Киіктің төлдеуі екі-үш күнге ғана созылады. Аналық киіктер кез келген құралайды емізіп, бауырына басады. Содан болар бұл жануарлардың төлдері далада жетім, жалғыз қалмайтын көрінеді.
«Ақбөкен» атанған дала еркесінің ерекше қасиеті де жетерлік. Бұл жөнінде көпті көрген қариялардың ауызынан мәні көп терең әңгімелерді естуге болады.
–Киік – киелі жануар. Қазақ ежелден оның ерекше қасиеттерін байқаған, ерекше құрметтеген. Қасиеттілігін дәріптейтін жайттар көп. Әдетте, қасқырлар киік етін сүйсініп жейді. Алайда, дала жыртқышы жылына бір рет ет иісінен құсып, оған жақындай алмайды екен. Бұл, сол – ақбөкеннің жаппай төлдейтін кезеңіне сәйкес келеді. Жаратушы иеміздің құдіреттілігі бізді осылайша таңғалдырады. Содан екі-үш күннен кейін киіктің төлі аяғына тұрып, жүгіріп кеткен кезде қасқырда етке деген тәбет қайта оралады. Сонымен қатар, бұл жануардың киелі екендігін білдіретін тағы бір табиғат тылсымын айтып жүретіндер бар. Мәселен, көктемнің соңында, тек мамырдың 22–28-і күндері ен далада қазақтар «түйетабан» деп атап кеткен өсімдік жайқалып өседі. Кереметтігі сонда, оның аса үлкен жасыл-қызғылт түсті жапырақтары жаңа туған киік құралайын жасырып тұрады. Соның салдарынан дала бүркіттері табиғаттың қорғауында жатқан құралайды көре алмайды. Сөйтіп, құралайлар аяғынан тұрысымен-ақ, әлгі «түйетабан» өсімдігі келесі көктемге дейін жоғалып кетеді екен, – дейді көнекөз қария Пазыл Боданов.
Бір ғажабы киік қанша көп болсада, «құралай салқыны» кезеңінде төлдеп үлгіреді. Ал «Құралай салқынынан» кейін жаз толықтай күшіне енеді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.