ҚАБДЕШТІ ҚАНАТТАНДЫРҒАН ҚАСИЕТ
Жусанды даланың жұпар иісін құшырлана жұтып, Қоғалыкөлдің тамылжыған табиғатынан нәр алып өскен Қабдештің өнбойынан жігітке тән жеті өнердің табылуы заңдылық. Өйткені, осы қасиет қонған киелі мекеннен талай дарынды, талант иелері шыққан. Әріге бармай-ақ республикаға белгілі арқалы ақын Әскербек Рахымбеков пен елімізге аты әйгілі әнші-термеші, марқұм Әскербек Еңкебаевты айтсақ та жетеді. Бұл туған жердің топырағының киесі мен қасиетінен болса керек. Қабдекең осы Еңкебаевтың термесін тамсана тыңдап, әуезіне беріле өсті. Онымен өнер жайлы әңгіме қаузай қалсаңыз, ешқашан да жалықпайсыз. Қиялы жүйрік, ойы ұшқыр ол қазақтың күйі мен халық әндері тарихын әріден тарқатады. Білімді де білікті бекзат азаматтың әңгіме астарында өнеге мен үлгінің, еңбек пен бейнеттің тәтті дәмі мен табы жатыр. Сонау өткен балалық дәуренінен айтылған естелікте әкесі Шағырдың (Әмірайдар) және анасы Қымбаттың шаруашылықта түйе түлігін өсіру мен өркендетуге қосқан ұзақ жылғы ерен еңбектерінің өрнегі жатыр.
Ол кезеңде Қабдекең бала болса да әке еңбегін, тартқан тауқыметін, көрген бейнетін, айтқанын көңіліне тоқып өсті. Жастайынан мал қайыруға ерте жарап, әкесіне қолғабыс етті. Талай мәрте көктемде Сырдан қырға қой отарын айдап, көшірісті. Ол кезеңде шопандарды көшіретін техника қатарының аз шағы. Сондайда түйе қомына салып талай қойшы үйін көшіргені бала да болса есінде қалды. Сарысудың Шыбықты, Ахмет ишан, Бәтеш бейіті, Аймырза, Шалбар қойнауы, Сіңіртек, Күбілі, Көкжиде, Көкалажар, Ақши жерлерін шарлағаны әлі күнге дейін көз алдында.
Осы ұшы-қиыры шетсіз де, шексіз сайын далада түйе үстінде көш тартып келе жатқанда бала кеудесіне өлең жолдары құйылатын. «Сарысуым, сұлу неткен кең далам, Көш жетектеп, сардалада ой бағам. Әке еңбегін асқақтата жырлайтын, Термеші де, ақының да мен болам» деген өлең жолдары шумақтала түсіп, оны өзінше термелете айтатын. Оның бойына мұндай асыл қасиет әкесінің ағасы Сахабаддиннен қонса керек. Ол кісінің кезінде арабша сауаты болған, төрт дастан жазған адам. Соның бірі – «Қамар-Заман» дастаны қазақ әдебиетінің алтын қорына енген шығарма. Ең өкініштісі, Сахабаддин көкесі Ұлы Отан соғысына аттанып, содан қайтып оралмайды. Міне, Қабдештің бойындағы өнердің негізі осы көкесінен дарыса керек. Кер далада келе жатып өзі түсіне бермейтін бір сазды әуендер кеудесін кернеп, іштей ыңылдап қоятын. Біреу естіп қоймады ма екен дегендей, жан-жағына дереу секемдене көз тастайтын... Өнерге деген алғашқы іңкәрлігі мен ғашықтығы осы ұлы даладан бастау алған секілді.
Сол құштарлығынан шығар мамандық таңдауда ойланбастан Қызылордадағы Гоголь атындағы педагогикалық институттың ән және музыка факультетіне оқуға түсуге шешім қабылдады. Сол киелі өнердің арқасында «Сыр гүлі» ән-би ансамбілінің, «Сыр сұлуы» ансамблінің белді мүшесі атанып, талай мәрте шет елдерді аралады. 1970 жылы Молдавия өткен дүние жүзі елдері бас қосқан өнер додасында топ жарып 1 орын алулары әлі естен кетпейді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Мүлкаман Қалауов еді. Осындай өнер өрінде жүріп өзі де өмірге, туған жерге, әкеге, анаға деген сағынышты көңілден «Асыл ана», «Туған жер», «Асыл ағалар», «Әкені аңсау» атты әндерді жарыққа шығады.
Қоғалыкөлдегі №144 мектеп-интернатын үздік бітірген. Ол білім ошағында жүргенде сурет салуда алдына жан салмайтын. Мейрам қарсаңында ұран сөздерді арнайы қағаздарға жазады. Ұстаздары оны «өнерлі бала» деп әрдайым барлық оқушыларға үлгі етеді. Мектеп қабырғасында жүргенде көптеген спектакль талай бейнелі кейіпкерлерді сомдады. Осы өнерінің арқасында институттың музыка және ән факультетіне түскенде елге танымал композитор, марқұм Бексұлтан Байкенжеев, сазгер Әбдімәлік Сыздықовпен бір курста оқыды.
Жоғары оқу орнын бітірісімен өз ауылындағы №144 орта мектепке ән-музыка және суреттен дәріс берді. Жастық жалынмен мектепке жаңа леп әкелді. Жастарды өнерге баулуды жандандырды. Сөйтіп, ауыл клубы жанынан өнерлі жастардың басын қосып үйірме құрды. Сол кезеңде Сырдария аудандық өнерпаздары фестиваліне қатысып, үш жыл қатарынан аудан бойынша жеңімпаз атанды. Қолынан іс келетін, ұйымдастыру қабілеті өте жоғары азаматтың есімі аудан көлеміне кеңінен жайылады. Оны білген аудан басшылығы 1977 жылы Сырдария аудандық партия комитеті жанындағы білім қоғамы басқармасына жауапты хатшы етіп тағайындады.
Іскерлігімен ілкімді істерге ұйытқы болған ол 1988 жылы Сырдария аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Содан ол сала жұмысын жандандыруға білек сыбана кірісіп кетті. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын ол алдымен ауыл клубтара назар аударды. Оларға жаңадан музыкалық құрал-жабдықтар алып беруді өзі бас болып қолға алды. Соның нәтижесінде музыкалык аспаптар мен техникалық құралдар жаңаланды. Жанына Тілеген Бекарыстанов, Хафиза Сүлейменова, Серік Өтеуов, Асылбек Өтепов, Мінаш Ысқақова секілді білікті мамандарды топтастырып, «Сырлы саз» фольклорлық ансамблін құрды. Бір жылдан соң олар жайында Алматыда телестудияға арнайы шақыртылып, 20 минөттік фильм түсіреді. Заманына қарай «Мереке» ойын-сауық отауын құрды. «Сырлы саз» ансамблі 1990 жылы халықтық атаққа ие болады. Бұл ансамбль әлі күнге дейін қалалық мәдениет бөлімі жанында қызмет жасап келеді.
Мәдениет саласында ұзақ жылдар қызмет еткен Қабдеш Шағыров жыр жазумен қатар, кез келген кескіндемені анау-мынау суретшілерден кем салмайды. Оның ұстаған жай қаламының өзі сиқырлы жанның қолына түскендей, ақ қағаз бетіне түрлі бейнелерді тоғыстырып кете барады. Туындыларын көргенде нағыз кәсіпқой суретші салған екен деп ойлап қаласыз. «Жігітке жеті өнерде аздық етеді» деген тәмсіл осыдан қалған шығар. Сырбаз азаматтың бойынан мәдениеттілік, парасаттылық есіліп тұр. Әртүрлі салада жауапты қызметтер атқарған Қабдеш 2000 жылы алғаш «Қызылорда қаласы» жайлы альбом кітап, 2015 жылы өзінің «Ой толқындары» атты жыр жинағын, «Диуана қожа» аты деректі кітаптарын шығарған. Республикаға белгілі айтыскер ақын Серік Өтеуов жайындағы «Томағалы тұйғын» атты кітаптың да авторы. Бұдан басқа «Дүлдүл жырау Серік» атты ән дискісін шығарушы.
Өнердегі осындай еңбегі елеусіз қалмаған ол «Тәуелсіздікке – 20 жыл», «Облысқа – 70 жыл», «Қызылордаға – 190 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған, «Мәдениет майталманы» атағының иегері. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Біз әңгіме арқауы еткен Қабдеш Шағыров бүгінде Тасбөгет кенті әкімшілігінде іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі маман болып еңбек етіп келеді. Өнерімен өрге шыққан, адал еңбегімен төрге озған азаматқа алда шығармашылық табыстар тілейміз!
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ.