КӨШІ-ҚОН ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАН 1061 ШЕТЕЛДІК АНЫҚТАЛДЫ
Ағымдағы жылдың 21-24 мамыр аралығында облыс аумағында «Заңсыз келуші-2018» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Осы іс-шараға ОІІД-нің 289 қызметкері жұмылдырылды. Олардан 35 мобильді топтар құрылып, облыс аумағына келген шетелдіктердің көші-қон заңнамаларын бұзу деректерін анықтау, оларды әкімшілік жауапкершіліктерге тарту, іздеуде жүрген қылмыскерлерді анықтау мақсатында шетелдіктердің уақытша тіркелген мекен-жайларын, салынып жатқан құрылыс нысандары, базарлар мен дәмханалар тексеріліп, рейдтік іс-шаралар жүргізілді.
Нәтижесінде көші-қон заңнамаларын бұзған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517- бабымен (Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы) 1061 шетелдік анықталды. Сонымен бірге, ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабымен (Шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың ҚР-ның халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы) 49 ҚР азаматтары және ӘҚБтК-нің 519-бабы (Шетелдік жұмыс күшін және еңбекші көшіп-келушілерді ҚР заңнамасын бұза отырып тарту, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР еңбек қызметін заңсыз жүзеге асыруы) бойынша 38 ҚР азаматына әкімшілік шаралар көрілді.
Мемлекетаралық іздеуде жүрген 1 шетел азаматы анықталды.
Өзбекстан Республикасының 49 азаматы республика аумағынан аластатылды. Жеке басын анықтайтын құжаттары жоқ 42 азамат ҚІІБ-ның қабылдау-тарату орнына жеткізілді.
Бұл жұмыстар күнделікті өз жалғасын табуда.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі