СЫР МЕДИЦИНАСЫНДАҒЫ СЕРПІЛІС
Егемен ел атанып, тәуелсіздік алған жылдар ішінде Қызылорда қаласы медицинасының дамуы, жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері орасан. Қаншама тың бастамалар мен ірі жобалар қолға алынды.
Алғашқы жылдарда – медицина саласында біраз қиындық орын алды. Өйткені, емханалар қысқартылып, жалақы төмендігінен мамандар басқа салаға ауысты. Осындай қиындықтарға қарамастан жағымды жаңалықтар да болып жатты. 1992 жылы облыстық диагностикалық кеңес беру орталығы іске қосылып, Сыр медицинасына жаңашылдық алып келді. Кеңес одағы кезеңінде басталып, аяқсыз қалған облыстық медицина орталығының құрылысын аяқтауға мән берілді. Осыған орай Болгария үкіметімен қайта келісім жасалып, біздің өңірде 1998 жылы ТМД елдерінде теңдесі жоқ орталық іске қосылды. Ашылу салтанатына Елбасының өзі арнайы келіп, Сыр жұртшылығына үлкен сыйды тарту етті. Бұл медицина саласының әрі қарай дамуына даңғыл жол ашты.
2000-2004 жылдар арлығында саланы жүйелі қаржыландырудың тиісті қадамы жасалып, көш біршама ілгерледі. Сонымен қатар, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, жалақының төлену тәртібі жүйелене бастады. Медициналық құрал-жабдықтар жылдан жылға жаңарды. Бұрын қысқарып кеткен аудандық және ауылдық емдеу орындары есігін қайта ашты. Сондай-ақ, жаңадан қалалық туберкулезге қарсы диспансері, облыстық балалар ауруханасы мен әйелдер кеңес беру орталығы өз жұмысын бастады.
2011-2015 жылдар аралығында «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы көрініс тапты. Бұл жолы саланы қаржыландыру 14 млрд. теңгеден 34 млрд. теңгеге дейін көтерілді. Қала орталығынан заманауи «Ана мен бала» орталығы, №3 қалалық емхана салынды. Сонымен қатар, 375 мамандандырылған санитарлық автокөліктер халық игілігіне берілді. Бүгінде инсульт алған науқастарға ота жасау мен қалпына келтіру мақсатында нейроинсульттік орталығы қызмет етуде. Осы бес жыл ішінде 3529 науқасқа жоғары медициналық көмек көрсетіліп, тұрғындарымыз Алматы мен Астананың жоғарғы емханаларына баруды азайтқан. Тағы бір қуанышты жағдай, 2014 жылдан бастап облыс дәрігерлері елімізде 4-ші болып, бүйрек ауыстыру отасын жасауды қолға алды. Қазіргі кезде әрбір ота сәтті аяқталып, сапалы жұмыс жүруде.
– Медицина саласы уақыт ағымымен жандана түсті деуге негіз бар. Соңғы жылдары біздің орталықта көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Мәселен, ауруханада медициналық жабдықтардың жаңаруымен қатар, қызметкерлердің де біліктілігі артты. Сондай-ақ, бүгінде барлық сала бойынша ауыр оталарды өзімізде жасаймыз. Оған материалдық-техникалық база қажетті құрал-жабдықтар барлығы заман талабына сай ең соңғы үлгімен толықтырылған, – деді облыстық медициналық орталықтың №1 кардиология бөлімінің меңгерушісі Гүлсім Бержаппарова.
2016 жылы облыста офтальмохирургиялық орталық ашылды. Мұнда жергілікті қаржы есебінен жалпы сомасы 90 млн. теңгені құрайтын, ота санын 2 есеге өсіруге мүмкіндік берген жоғары диагностикалық құрылғы сатып алынды. Сөйтіп, алғаш рет аталған орталықта глаукомды кабинет ашылып, 2000-нан аса науқас есепке алынып, сауықтырылды. Ал, өткен жылдан бастап облыстық медицина орталығы жанынан ашылған «Диабет орталығы» қант диабетімен ауыратын науқастарға мамандандырылған көмек көрсетуде.
Бүгінде қан айналым жүйесі аурулары бойынша қала емханалары толықтай кардио стандарттармен қамтылды. Осыған орай екі жыл ішінде инсульт және миокард инфарктісі кезіндегі медициналық көмек көрсету алгоритмдері бойынша 1500-ден астам медициналық қызметкер оқытылған. Қарап отырсақ, соңғы бес жылда аймақтың кардиохирургтарымен жүрек қан тамырларына және бас миына 2300-ден аса ота жасалды.
Ана мен бала денсаулығын сақтау бағытында өңірде барлық жағдай жасалуда. Мәселен, жүкті әйелдер мен жаңа босанғандарға медициналық көмек көрсетуді жақсарту үшін бес жыл ішінде 350 төсек орынға арналған облыстық перинаталдық орталығы қолданысқа берілді. Мұндағы премиум класс құрылғысы арқылы аймақтағы жүкті әйелдердің барлығы скринингтік тексеруден өтеді. Онда туа біткен ақауларды анықтау үшін ультра дыбыстық зерттеуге түседі. Құны 70 млн. теңгені құрайтын құрылғы бүгінде үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бұл жабдық іште жатқан ақауларды көріп, өзгерістерді дер кезінде анықтайды. Одан кейін 350 төсек орынға арналған облыстық балалар ауруханасы мен Талсуат кентінде 50 төсек орнына арналған республикалық оңалту орталығы іске қосылды. Дәрігерлер біліктілігін арттыру бойынша біршама жобалар қолға алынып, ота жасайтын акушер-гинекологтардың үлес салмағы артты.
Аталған салада кадр мәселесін шешу негізінде 2016-2018 жылдарға арналған 3 жылдық дәрігерлер мен орта буынды медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың ұзақ мерзімді жоспары жасалды. Сондай-ақ, қажетті медициналық мамандарды оқытуға облыс әкімінің арнайы гранты бөлінді. Нәтижесінде аймақта жетіспейтін неонатолог, травматолог, онколог, реабитолог дәрігер мамандардың тапшылығы жойылып келеді.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.