ЖАСТАРДЫҢ КОВОРКИНГ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛМАҚ
«Жаңа әлемдегі жастар келбеті» атты облыстық жастар форумы аясында «Креативті идеялар фабрикасы» мен «Жас журналистер клубы» құрылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, аталмыш жоба шеңберінде «Sarap time» бағдарламасы ашылмақ. Бұл бойынша қызылордалық жасотандықтар ІТ саласының жас мамандарын дайындауды қолға алады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Жас Отан» Жастар қанатының облыстық филиал төрағасы Талғат Тілес осы мәселелерге байланысты жан-жақты айтып берді. Бүгінде осыған орай «Гранд Мастер» бағдарламалау мектебі арасында меморандумға қол қойылған. Сонымен қатар, бұл мектеппен бірлесе отырып «Start up nation» жобасы іске аспақ. – Алдағы уақытта облыстық «Жас Отан» жастар қанатының коворкинг орталығын ашуды қолға аламыз. Бұл – нағыз жастардың бас қосатын қызықты орнына айналуы тиіс. Онда тек белсенділермен ғана емес, маргинал жастармен де тығыз байланыс орнатылады. Мұнда олар өздерінің идеяларымен, ой-пікірлерімен бөлісуге мүмкіндік алады. Әзірге орталықтың ашылатын орны нақты белгіленбеді. Тек қаланың орталығынан ғана емес, шет аймағынан ашуды көздеп отырмыз. Жасотандықтардың арнайы ресми интернет сайты да іске қосылады, – дейді Т.Тілес.
Сондай-ақ, жиын барысында ол Байқоңыр қаласында филиалдың қалалық бөлімшесі тұрақты жұмысын бастағанын хабарлады. Белсенділердің қатысуымен «Байқоңыр Conf» жастар конференциясы да ұйымдастырылмақ. Аталмыш форум жастар үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып берді. «Open talks» мазмұнында өткен шарада белсенді жас мамандар өз жобаларын қорғап, озық үлгідегі жоба авторлары жеңімпаз атанды.
Бағлан ЖАРЫЛҚАПҚЫЗЫ.