ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНДА МЕНИНГОКОКТЫ ИНФЕКЦИЯНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАҒДАЙЫ ТІРКЕЛДІ
Ағымдағы жылдың 31 мамырында 1991 жылы туылған азаматтан менингококты инфекцияның алғашқы белгілері анықталып, Жаңақорған аудандық ауруханасына жатқызылды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен шұғыл брифингте қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Ұлбосын Аханаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Әбдусәметов аталған жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.
– Қазіргі таңда басқарма тарапынан арнайы штаб құрылып, өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары Жаңақорған ауданында жедел түрде жұмыс жүргізуде. Ошақтағы эпидемияға қарсы және алдын алу шаралары ұйымдастырылуда. Ал, науқас әзірше ауыр тұрақты жағдайында ем алуда. Онымен қарым-қатынаста болған 11 азамат анықталып, бүгінде бақылауға алынды, – дейді Ж.Әбдусәметов.
Мамандардың айтуынша, аталмыш инфекция сырқат адамнан ауа және тамшы арқылы таралады. Науқаста ауру жедел түрде басталады. Дене қызуы көтеріліп, бас ауруы сезімі, құсу, денесін бөртпе басу, әлсіздік, дененің құрысуы сынды алғашқы клиникалық белгілері көрініс табады. Ол тез тарайтын ауру түріне жататындықтан аса сақтық шараларын қатаң сақтанып, халық көп шоғарыланған ортадан аулақ жүру, бетперде қолдану өте маңызды. Ал, алдағы уақытта №6 қалалық емханада ақылы түрде екпе жұмыстары жүргізілмек.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.