ҚУАНСА, БАЛА ҚУАНСЫН
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының 200 жылдығы және Қармақшы ауданының 90 жылдығына орай 1 маусым - Балаларды қорғау күні қарсаңында аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Қорқыт елі - Қармақшы» жастар қоғамдық бірлестігі және «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытгүл Райымбаеваның ұйымдастыруымен қармақшылық бір топ даму мүмкіндіктері шектеулі балалар Қызылорда қаласына экскурсия жасады.
Көбіне өз табалдырығынан ұзап шыға қоймайтын балақайлар қуанып қалды. Оларға бір сәтке болса да мағыналы күн, жақсы көңіл-күй сыйлау үшін алдымен Қызылорда облыстық тарихи-өлкентану музейіне апарды. Музей қызметкерлері ерекше қонақтарына экскурсия ұйымдастырып, оларды облыс тарихымен, мәдениетінің қалыптасуымен, жетістіктерімен таныстырды. Кешегі күндерден, тарихтан сыр шертетін құнды экспонаттар туралы тереңнен әңгімелеп берді.
Облыстық тарихи - өлкетану музейінен кейін балалар қалалық мәдени және демалыс паркіне барды. Ол жақта балалар жанашыр кәсіпкерлердің қолдауымен ұйымдастырылған ойын алаңдарымен аттракциондарға тегін сырғанау мүмкіндігіне ие болды.
Даму мүмкіндіктері шектеулі балалар барлық мерекелік шаралардың нағыз белсенді қатысушылары болып табылды, өткізілген шаралар балалардың айналадағы ортаға бейімделуіне, өзін азамат ретінде сезіне отырып адамдармен тең дәрежеде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік туғызды.