НҰРЛЫ БОЛАШАҚ
Аймақта «Балалар еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқаны өткізілмек. Шара 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналып, «Нұрлы болашақ» ұранымен 1-12 маусым аралығында ұйымдастырылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Құралай Ерташова мәлім етті.
– Бұл кең көлемдегі республикалық акция. Елімізде балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аудару мақсатында өткізіледі. Барлық білім беру ұйымдарын біріктіретін аталмыш шара барлық облыста өткізіліп, орталық көшелерде барабаншылар отряды, үрмелі балалар оркестрі мен ансамбльдер, мажореткалар, черлидерлер, хор және би ұжымдары жүріп өтеді. Облыс орталығығында аталған шеруге барлығы 5720 оқушылар мен студенттер қатыстырылады, – деді Қ.Ерташова.
Сонымен қатар, акция аясында ерекше дарыны бар шығармашыл балалардың "Жұлдызай" республикалық фестивалі және "Балалар бастауы" әлеуметтік жобалардың республикалық конкурсы, балалардың жазғы сауықтыру демалысы ұйымдастырылады.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.