ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕРДІҢ 3D-КАРТАСЫ ЖАСАЛДЫ
Қызылорда облысының тарихи-мәдени ескерткіштерінің 3 D-картасы әзірленеді. Бұл жөнінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жоба «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында қолға алынады. Интерактивті карта негізінде Сыр өңіріндегі республикалық және жергілікті маңызы бар 150 ескерткішті қамтылады. Ол үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейін жасақталады. «Алғашқы кезекте оған ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміндегі және республикалық, жергілікті маңызы бар ескерткіштерді енгізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта далалық зерттеулер жасалады. Әрбір нысан жайында архивтік деректер мен аңыз-әңгімелер жинақталады. Инновациялық әдістер мен компьютерлік бағдарламалардың көмегімен ескерткіштің толық виртуальды моделі қалыптасады. Осының нәтижесінде әрбір нысан туралы 3 тілде толық ақпарат арнайы сайтта орналастырылады», -деді Мира Әбуова. Мамандардың айтуынша, бүгінде Сыр өңірінде 286 ескерткіш бар. Олардың ішінде 30-ы республикалық, 256-і жергілікті маңызы бар ескерткіштер болып табылады. Олардың барлығы мемлекет қорғауына алынған.
Әділжан Үмбет