Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫМСЫҢ, АНА!

БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫМСЫҢ, АНА!

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аяулы жандар үшін жақында ғана «Аналар аллеясы» ашылып, ел игілігіне берілді. Қаладағы Бегім ана көшесінің бойына орнатылған бұл ескерткіш алдағы уақытта ақ жаулықты әзиз жандарға құрмет көрсететін мәдени мекенге айналмақ. Құрылыс жұмыстарына 44 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Оған «Абзал және К» компаниясы демеушілік жасап, ізгі іске себепкер болып отыр. Бауыр еті – баласын алдына алып, айналасына мейірім-шапағын шашып, ерінің тілеуін тілеген ақылман ананың бейнесі сомдалған ескерткіш жүрекке ізгілік жылуын төгіп тұрғандай. Тұғыр тасымен қоса есептегенде биіктігі 5,5 метрді құрайтын әйдік мүсін көше бойынан мен мұндалап, алыстан көз тартып тұр. Ал, ашылғанына көп бола қоймаса да, мұнда келушілер қатары көбейген. Бірі отбасылық серуен жасаса, ендігісі ескерткішке келіп, жақсылыққа ниет етеді. – Қаламызда мұндай рухани ескерткіштер санының артуы өте орынды. Мен бұл ізгі іске бастамашы болған жандарға барша аналар атынан алғысымды білдіремін. Бұл – жастар үшін өнеге. Аналарды сыйлауға, құрметтеуге деген үлкен насихат деп білемін. Ашылғаннан бері күнде осында немеремді ертіп, серуенге шығамын. Жай серуендеп қана қоймай, ағаларының жасаған осындай туындысын, еткен еңбегін құлағына құйып жүремін. Бес жасар қызым бүгінде аталмыш ескерткіштің мән-маңызын жатқа біледі. Бір байқағаным, мұнда отау тіккелі жатқан жас жұбайлар да арнайы келіп, ниет етеді екен. Жастардың бұл әрекеті мені риясыз қуантты. Жаңа өмірге қол ұстасып аттанған ерлі-зайыптылардың ана мен бала ескерткішіне соғып, жақсылыққа ырым етуі құптарлық дүние ғой, – дейді Дәмелі Алшынбаева есімді зейнеткер әжеміз бізбен әңгімесінде.Тарихтың қатпарлы бетін парақтасақ, халқымыздың арғы-бергі шежіресінде еріне адал жар, сәбиіне ардақты ана, отбасына ұйытқы болуымен ұлттың ұранына айналған аналарымыз баршылық. Тегі асыл аяулы жандардың әрбір өнегелі ісі, ғибратты сөзі бүгінгі күнге аманат болып жетіп, шежіре болып хатталды. Бегім сұлу, Құртқа, Қыз Жібек, Қарашаш, Айман, Домалақ ана сынды ақылман, дана жандар бейнесі асыл мұра ретінде кейінгі ұрпақ санасында мәңгіге сақталып, рухани тұрғыда қайта жаңғырып отыратыны хақ. Кезінде Құнанбай секілді беделді тұлғаны дүниеге әкеліп, өз заманынан оза туған хәкім Абайды әлдиіне салып өсірген Зередей асыл жанды барша қазақ ардақ тұтады. Зере анамыздың ұлылығы сол, дәрет алып, жан-тәні қатар тазарынбайынша шаранасын омырауына алмайтын көрінеді. Міне, тазалық. Біз айтып жүрген ананың балаға деген шексіз қамқорлығы осында жатыр емес пе? Қазақтың әйелдер образының сом тұлғалы бейнесіне айналып, ұлағатты ісімен кейінгіге өнеге саналған осындай аяулы жандар жетерлік. Олардың әрбір көргенді ісін үлгі ететін бүгінгі ақ жаулықтылар қауымынан да біздің қоғам ада емес. Өткенді танып-біліп, оларға қарап бой түзеп, отбасы ұйытқысына айналып отырған ақ самайлы әжелер арамызда әлі де бар. Ұрпағымен мың жасап, отбасының қазыналы қариясы атанып отырғандар қаншама? Облыстағы 34 мыңнан аса көп балалы ананың 17 мыңға жуығы «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері атануы да жоғарыдағы сөзімізді дәйектей түссе керек. «Әйел – үйдегі ырысың, ұл – айбарлы қылышың, қыз – түздегі өрісің, келін – кеңейген тынысың» дейді. Иә, біздің қазақ қашаннан әкені асқар тауға, ананы ағып жатқан мөлдір бұлаққа, баланы жағасындағы жасыл құраққа теңеген. Десе де, шаңырақта бірін-бірі толықтырып тұрар жандардың арасында орны әрдайым бір төбе болатын ананың қадірін ешкім де жоққа шығара алмасы анық. Себебі, тар құрсағын кеңейтіп тоғыз ай көтеретін де – ана, түн ұйқысын төрт бөліп, түнде бесік таянған да – ана, «Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма кірсін» дейтін де осы – аяулы жан. Ендеше, үш мәрте Меккеге арқалап барсаң да, қарызың өтелмейтін барша ардақтылардың құрметіне қойылған ескерткіш анадан тарайтын әрбір жылулықтың, ізгіліктің қайнар бастауына айналары сөзсіз.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.






11 желтоқсан 2017 ж. 3 273 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам