МЕНИНГОКОКК ИНФЕКЦИЯСЫН ӘЗІРГЕ 1 АДАМ ЖҰҚТЫРҒАН
Үстіміздегі жылдың 31 мамырында Жаңақорған ауданында менингококты инфекция жұқтырған деп танылған 27 жастағы азамат қайтыс болған. Оған тиісті ем шаралары толық жасалғанымен, беті бері қарамаған.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Ұлболсын Аханаева мәлім етті.
– Науқастың инфекцияны қайдан, қалай жұқтырғаны әзірге белгісіз. Ол облыс аумағынан шықпаған. Тұрақты жұмысына барып-келіп жүрген. Бүгінгі күнге дейін онымен қарым-қатынаста болған 65 адам бақылауға алынды. Олардың 17-і антибактериалды профилактикалық емін толық алды. Ол азаматтардың ішінен қазіргі таңда ауру белгісі табылған жоқ. Бірақ өзінің мерзімі бар, соған дейін толық медицина қызметкерлерінің бақылауында болады. Отбасынан бір адам жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылған болатын. Ол кісіден аталған аурудың еш белгілері табылмағандықтан үйіне қайтарылды, – деді Ұ.Аханаева.
Қызылорда облысында менингитті жағдайға байланысты әзірге 1 науқас тіркелген.
Менингококты инфекция сырқат адамнан ауа жəне тамшы арқылы таралады. Сондықтан, жеке бас гигиенасын сақтау, халық көп шоғырланған ортадан сақтану, бетперде қолдану өте маңызды. Сақтанудың тиімді жолдарының бірі – вакцинация.
– Менингококк инфекциясына қарсы екпе әзірге Қазақстанның ұлттық тегін екпелер күнтізбесіне кірмегендіктен, ақылы негізде жүргізіледі. Облыс бойынша №6 қалалық емханада егу жұмыстары басталып кетті. Вакцинация ектіру 23 тың теңге деп белгіленген. Бүгінге дейін 2 адам егу жұмыстарын алған. Әрбір аурудың алдын-алу үшін тұрғындар өз денсаулықтарына немқұрайлы қарамай, уақытында емделу қажет, – дейді қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Ұлболсын Аханаева.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.