МИЛЛИОНЫНШЫ ТҰРҒЫНҒА ПӘТЕР СЫЙЛАДЫ
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев Шымкент қаласының 1 миллионыншы тұрғыны дүниеге келген Еламановтар отбасын құттықтап, жас отбасыға 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін жас отбасы Самат Еламанов пен Айжан Ахайбекованың тұңғышы Айсұлу шымқаланың миллионыншы тұрғын атанып отыр. Қаланың көптен күткен нәрестесі осы жылдың 17 мамырында дүниеге келген. Әлі бір айға да толмаған сәбидің ата-анасына жаңадан салынып жатқан мөлтекаудандағы тоғыз қабатты үйдің алтыншы қабатынан пәтер берілді.
Олар өздеріне көрсетіліп жатқан үлкен құрмет пен сый үшін облыс басшылығына ризашылығын білдірді. Ерлі-зайыптыларға пәтер кілтін табыстаған аймақ басшысы Шымкент еліміздегі миллиондық халқы бар үш қаланың біріне айналып отырғанын атап өтті.
«Бұрын миллион тұрғыны бар Алматы ғана болса, қазір миллион тұрғыны бар екі қала қосылды: Астана мен Шымкент. Астана өткен жылдары миллиондық қала атанса, Шымкент биыл миллион халқы бар қалаға айналып отыр. Елбасы бүкіл дүние жүзінің қайраткерлері қатысқан экономикалық форумда Шымкент қаласын миллионер қала деп жариялады. Ал шымкенттіктер республикалық статус иелену бастамасын өте қызу қарқынмен қолдады. 2017 жылдың қорытындысына сәйкес облыс орталығының тұрғындары 39 мың адамға өсті. Мұның 18 мыңы ішкі көші-қон есебінен жүзеге асқан. Ал қаланың миллионыншы тұрғыны мамыр айында дүниеге келген болатын. Ол - өздеріңіз көріп отырған Айсұлу Еламанова, жас отбасының бірінші перзенті. Шымкенттіктердің атынан осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын. Кішкентай нәрестенің дені сау, еліне елеулі, халқына қалаулы қыз болып өсіп, елдің нағыз патриот азаматшасы болсын!» - деді облыс әкімі.Айта кетейік, кішкентай Айсұлудың әкесі Самат Еламанов 23 жаста. Ол Шымкент қаласының жүйке аурулар ауруханасында жұмыс істейді. Ал, анасы Айжан Ахайбекова 22 жаста. Жас келіншек қаладағы банктердің бірінде менеджер болып қызмет атқарады.