МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ЖИНАЛЫС
Қызылорда облысы ТЖД Дағдарыс орталығында мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты жиналыс болып өтті. Іс-шара басында «Менің Қазақстаным» атты мемлекеттік әнұранды азаматтық қорғау қызметкерлері орындады.
Салтанатты іс-шараны Қызылорда облысы ТЖД бастығы азаматтық қорғау полковнигі О.Бержанов ашып, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде: «4 маусым - еліміздің мемлекеттік рәміздерінің күні. Осы күні 1992 жылы мемлекеттік рәміздеріміз бекітілген болатын. Жаһандағы өркениетті мемлекеттердің барлығында өз рәміздері бар. Еліміздің егемендігінің айғағы ретінде айбарлы Елтаңбамыз, Көк байрақты Туымыз және әуелеген Әнұранымызбен мақтана аламыз. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туы, Елтаңбасы, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар біздің ең киелі құндылықтарымыз. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Мемлекеттік рәміздер - халқымыздың рухын, ұлттың салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілері», - деген еді. Қазақ елі әлемдік деңгейде танылып қана қоймай, абырой тұғыры биіктеді. Қадірменді әріптестер, Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын! Еліміздің абыройы асқақтай берсін!»,-деді.
Одан соң Кадр жұмысы бөлімінің бастығы Марат Қобландиев «Қазақстан Республикасының рәміздері туралы» лекция оқыды.
Іс-шара соңында көпшілікке «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» бейнефильм көрсетілді.
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы