СУ АЙДЫНДАРЫ ТАЗАЛАНДЫ
Сыр өңіріндегі су айдындарын тұрмыстық қалдықтардан тазалау мақсатында «Таза су айдындары» акциясы өткізілді. Оған 671 адам қатысып, 108 техника мен 15 шағын кемелер жұмылдырылған. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Марат Нұрмағамбетов:
– Акцияға табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары, студенттер, оқушылар қатысты. өткізілді. Су айдындарында қызметтік катер және моторлы қайықтар күшімен су ішіндегі ау қалдықтары алынды. Жағалаудағы қоқыстар тазартылды. Соның нәтижесінде 48,5 тоннаға жуық әртүрлі қоқыстар мен суда қалған 1011 ау қалдықтары тазартылды, – деді.
Балықтардың көктемгі кезеңде уылдырық шашып көбею мезгілінде «Уылдырық-2018» акциясы өткізілді. Облыс бойынша жыл басынан бері 261 балық қорғау заңнамасын бұзған бұзушылық анықталған. Акция барысында бұған қатысты заңдылықтарға бағынбаған 152 ау, 845,1 кг балық тәркіленіп, балық қорына келтірілген залал болып табылатын 1455,4 мың теңгенің 623,5 мың теңгесі өндірілді.
Жаз мезгілінде суға түсу, балық аулау көбейетіні рас. Бұл уақытта табиғатты бүлдіру етек алады. Сондықтан да аталмыш акциялардың су айдындарын таза ұстауда септігі мол болары анық.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.