АБЫЗҒА АЙНАЛҒАН АҒАЛАР
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс және қала дамуына ерекше еңбек сіңірген бірқатар ардагерді мерейтойларымен құттықтады.
Олардың қатарында белгілі журналист Өтеген Жаппархан, түрлі басшылық қызметтер атқарған Қуанышқали Шапшанов пен Амангелді Құдайбергенов бар.
Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының иегері, «Қазақстанның Құрметті журналисі» Өтеген Жаппархан биыл сексеннің сеңгіріне шықты. Ардагер-журналист республикалық және облыстық мерзімді басылымдар мен радиода жемісті еңбек етті.
Ал, Қуанышқали Шапшанов 1967-1991 жылдар аралығында қалалық, облыстық партия комитетінде түрлі сатылардан өтіп, егемен елімізде 2005 жылға дейін облыс әкімі аппаратында, облыстық экология, табиғатты қорғау басқармасында басшылық қызмет атқарды. Амангелді Құдайбергенов 1961 жылдан бері комсомол хатшысы, аудандық және облыстық партиялардың атқару комитеттерінде түрлі қызметте болды. Қ.Шапшанов, А.Құдайбергенов мерейлі 75 жасқа толды.
Шара барысында қала басшысы ардагерлерге мерекелік лебізін жеткізді.
– Тәуелсіз еліміздің жас буынын патриоттық рухта тәрбиелеуде сіздер әлі де бізге жол көрсетіп, аталық ақыл-кеңестеріңізді береді деген сенімдемін. Ел егемендігі жолында түрлі қиын-қыстау заманда сыр бермей еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне аянбай тер төктіңіздер. Біз, сіздердің өнегелі өмір жолдарыңыз бен еліміздің ертеңі үшін жасаған бар игілікті істеріңіздің алдында басымызды иеміз, – деді қала әкімі. Одан соң мерейтой иелеріне Қызылорда қаласының «Құрмет грамотасы» табысталып, ардагерлердің иығына шапан жауып құрмет көрсетілді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.