АМАН БОЛСЫН ҰРПАҒЫҢ
Қаламыздағы «Фармпровайд» дәріханасында «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі облыстық ұлттық оқу-клиникалық орталығымен бірлесіп аналар мен қыз-келіншектерге арналған «Аман болсын ұрпағың» атты семинар-тренинг өткізді. Бұл шараның маңызы зор.
Әлем бойынша жазатайым оқиға салдарынан балалар түрлі жағдайларға кезігіп жатады. Мәселен, әлемде шамамен 2300-ге жуық өрен осындай оқиға салдарынан көз жұмады.
– Әрбір ана өз баласының денсаулығы үшін жауапты. Ал, жазатайым жағдайлар бала денсаулығына айтарлықтай әсер етеді. Тіпті, алғашқы көмек көрсетілмеген жағдайда оның өміріне үлкен қауіп төнуі мүмкін. Мен үш баланың анасымын. Осы қоғамдық бірлестікті құрғанға дейін медициналық орталықтарда жүріп, көптеген жағдайға куә болдым. Әртүрлі оқыс оқиға кезінде балалар ауруханаға жеткенге дейін өмірлеріне қауіп төнетін кездер кезігеді. Сондықтан жас аналарға арналған бірлестік құрып, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету жолдарын үйретуді мақсат еттік. Дамыған елдер тәжірибесінде кез-келген педагог, тәрбиеші, бала күтушіге дейін осындай курстардан өтеді екен. Біздің де басты мақсат – осындай шараларды мемлекеттік деңгейге дейін көтеру. Себебі, бүгінгі сәби – ертеңгі елдің болашағы. Олардың өмір қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауымыз тиіс, – дейді «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Әйгерім Қожахметова.
Семинар-тренингте облыстағы штаттан тыс бас иммунолог, жоғары санатты педиатр дәрігер Бибізада Бермаханова бала күтімі мен денсаулығын нығайту тақырыбында кеңес берді.
Сонымен қатар, жоғары білікті маман Г.Жүргенова халықаралық стандарттарға сай симуляциялық технологияларды пайдалану арқылы тренинг жүргізді.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.