АЙНАЛДЫМ СЕНЕН, АСТАНА!
1994 жылдың 6 шілдесінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңес сессиясының жалпы отырысында елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі тарихи идеясын жария етті. Бұл қазақ елінің ұлттық рухын асқақтатып, мақсаттар мен мүдделерді айшықтай түсті. Тәуелсіздігін енді алған жас мемлекет үшін жаңа астана тұрғызу ерлікпен пара-пар еді.
Шындығы керек, астана саламыз деудің өзі өтпелі кезеңде оңай шаруа емес. Мұндай шешім әрбір мемлекет үшін үлкен жауапкершілік, зор міндет екені белгілі. Елбасы мыңжылдықтар тоғысында аса жауапкершілікті мойнына алды. Бұл оқиғаны біреу түсінді, енді біреулер тіптен түсіне де алмады. Халық бұл бастамаға қолдау білдірді, Сарыарқа төсінде жаңа астана салу аңыздан ақиқатқа айналып, есіле аққан ерке Есілдің бойынан ұлы іс бастау алды.
Әлемдік тарихқа сәл көз жүгіртер болсақ, кез келген дамуға, өркениет өрісіне бет бұрған елдердің астаналары мен қалаларын ірі өзендер жағасына салғандығын байқаймыз. Мәселен, 1712-1918 жылдары орыс империясының астанасы атанған Нева өзені бойындағы Санкт-Петербург қаласы, Дунай өзені бойына орналасқан Австрияның Линц қаласы, Венгрияның Будапешт қаласы өзен бойына жағалай қонған. Сондай-ақ Германияның Везер өзені бойына салған Бремен қаласы да тарихи ескерткіштерімен қоса, заманауи үлгідегі салынған құрылыстарымен әлі күнге дейін ерекшеленеді.
Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев санаулы жылдар ішінде Астана қаласының іргесін бекітті, оны әлем мойындайтын шырайлы шаһарға айналдыру идеясын алдына мақсат етіп қойды. Содан бергі 20 жылда сол тарихи шешімнің дұрыстығына көз көз жеткізді. Өзінің ерен еңбегінің арқасында Еуропа мен Азияның сәулетін біріктірген, жұрт қараса көзі тоймайтын, жаңа заманға сай, заманауи үлгідегі жаңа қаланың іргесі қаланды. Осылай үшінші мыңжылдық табалдырығын жаңа қаланың қақпасы арқылы аттадық.
Елбасының көреген саясатының арқасында талай жылдарға жүк боларлық қаншама тарихиістер біздің сәулеті сәндә, құрылысы қарқынды, келбеті көркем бас орда бой түзеді. Сондай-ақ Қазақстан шежіресінде алтын әріппен жазылған тарихи бастама болды бұл. Алғаш жаңа астананың қазығы қағылған күннен бастап, үкілі үміттердің оты маздап жанып, келешек көкжиегі кеңейіп, болашақ бастамалар биіктен көрініп, ғасыр жобасы жүзеге асырыла бастады. Уақытқа қарамай, тынымсыз жүргізген тірліктің арқасында жаңа ел орда үш жылдың ішінде еңселеніп, көрген жанның көзайымына айналды. Заманауи үлгідегі биік те, әсем ғимараттар мен мемлекеттік кешендер ел назарын аудара бастады. Содан 1997 жылдың 20 қазанында Елбасы «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды. Осылайша Ақмола 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Қазақстан Республикасының астанасы болып бекітілді. Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі арнайы тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымда өткізілді.
Жарқын болашаққа осындай игі қадам жасалды. Ғасырдан-ғасырға ұласатын ұлағатты іс тындырды. 1998 жылғы 6 мамырда Ақмола атауы – Астана болып өзгертілді. Содан бері бас орданың небір жаһандық жиындар мен келелі кеңестерге, алқалы отырыстарға төрелік жасап, халқымыздың болашағын байыптап, келешегін кемелдеп, өрісті өрелі істерге ұйытқы бола білді.
Биыл Астана қаласына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде ішінде жүз жылға татырлық игі істерді тындырып, әлемдік қауіп-қатердің алдын алудағы бастамашысы ретінде дүйім жұртқа танылды. Қазақстан заманауи технологияны пайдалануға көңіл бөліп келеді. Адам факторын жандандырып, өмірін ұзартуға күш салды.
«Цифрлы Қазақстан» ретінде адамзат өмірінің барлық аспектілерін жүзеге асыруда түбегейлі өзгерістер жасауға көңіл бөліп отыр. Бүгінде Астана қаласы осындай жаһандық құлақ түрер ой- пікірлерді тоғыстыратын айбарлы алаңға айналды.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ