АЙБЫНЫ АСҚАҚ АҚ ОРДА
Астана қаласы десек, көңіл төрінен әдемі ойлар өріліп, қиялға қанат бітіп, жанды шаттық кернейді. Егеулі найза қолға алып, күндіз-түні жер шалып, байтақ даланы жаудан қорғаған ата-бабамыз осы тәуелсіздікті аңсап, егемен ел болуды армандап, астана салуды қиялдап өткені шындық. Асқақ арманға арқау болған Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқанда халқымыз шаттыққа кенелді, бақытқа бөленді. Осылай егемендіктің арқасында шекараны шегендеп, Сарыарқа төсінде Қазақ елі заманауи астанасын тұрғызды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен, заманауи үлгіде салынған қала екендігін баршамыз жақсы білеміз.
Ару Астана бұл күнде Отанымыздың жүрегі, еліміздің тірегі. Өйткені, одан барлық тың бастамалар мен соны серпіндер бастау алады. Биыл шырайлы шаһардың елордамыз атанғанына 20 жыл толғалы отыр. Жалпы, бұл қаланың іргетасының қаланғанына тарихшылардың айтуынша мың жылдан аса уақыт болған деседі. «Өткенсіз тарих болмайды» деген дерек айтылады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Сарыарқа төсіндегі шырайлы шаһар тәуелсіз Қазақ елінің астанасы мәртебесіне қол жеткізді. Ал, 1998 жылы қазіргі Астана атауын иеленді. 1994 жылы 6 шілдеде еліміздің бас қаласын Ақмолаға көшіру туралы шешімнің қабылдануы – еліміздің арғы-бергі тарихындағы ерекше оқиға. Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «1994 жылы 6 шілдеде Парламент Мәжілісінде мен астананы көшіру туралы идеяны жария еттім. Сол кезде жұрттың бәрі мені қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептеді. Өйткені, елдің жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақы уақытында төленбей жатты. Ал енді біреулер астананы көшіру идеясын қолдағанның өзінде бұл шешім 2030 жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осылай үш жыл өткенде депутаттардың өзі пойызбен жаңа астанаға көшіп келді. Енді шешімнің дұрыс болғандығына ешкім де күмән келтіріп, дауласпайды» деп жазған-ды.
Қаншама қиыншылықтар орын алды. Мемлекет басшысы қаланың сәулеттік келбетін ерекше назарда ұстап, шаһар басшылығына тың тапсырмалар берді. Оның мінсіз атқарылуын барынша қадағалауы жайында да осы кітапта баяндалады. Соның нәтижесінде жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Осындай тынымсыз тірліктің арқасында іс алға басаты. Мұны нағыз ерлік деп бағалауымыз қажет.
Өткен жылы Астанада тұрғындар саны миллионнан асты. Сарыарқа төрінен орын тепкен сұлу Астанада барша адамзатты бейбітшілікке, ауызбірлікке үндейтін алқалы жиындар мен басқосулар жиі өткізіліп келеді. Ол Отанымыздың имиджіне оң әсер етіп қана қоймай, әлемдік татулықтың нығая түсуіне ықпалын тигізіп отыр.
Мен бозбала кезімде, осыдан 46 жыл бұрын қала Целиноград болып тұрған шағында жолым түсіп барған едім. Ол кездегі бет-бейнесі мүлдем бөлек. Мен көрген Целиноград қаласы өте шағын, көрікті жерлері аз еді. Қаланың 7-8 шақты көшесінде ғана асфальт бар, қалғанында тас төселген. Қалада орыс мектептері көп. Қазақ мектебі жалғыз. Онда да ол Целиноградтың шетінде көрінеді. Көшелері шағын кішкентай екенін байқадым. Жер үйлері де біздің жаққа қарағанда жатағандау секілді көрінді. Әр жерде көпқабатты үйлер бар. Өйткені, қыстың қатты болуына байланысты баспана шағындау етіп салынады екен. Ол жайында жергілікті адамдардың айтқандарынан естідім. Шындығы сол, көшелері көбіне лай, ми батпақты еді. Жерасты су болуы керек, бетіне көлкіп шығып жатты. Сол кездегі бет-бейнесі біздің Қызылордадан артық емес көрінді маған.
Қазір Астанаға бара қалсаңыз көрікті жерлер өте көп. Ақорда, Парламент ғимараты, Үкімет, Министрлер үйі, көптеген ұлттық компаниялар мен биік сауда үй кешендері көз сүйсіндіреді. Алып «Бәйтерек» стелласы да айбыныңды асыра түседі. Пирамида пішінінде салынған Бейбітшілік және келісім сарайы, «Хан шатыры» және де басқа да көңіл көтеру орталықтары, жабық стадион, 3500 орындық концерт залы, Аквариум орталығын көрген жанға ерекеше әсер сыйлайды. Әсіресе, ұшатын тарелка секілді Цирк ғимараты қатты таңғалдырады.
Астана – Қазақ елінің айшықты ақ ордасы, бейбітшілік пен келісімге бастайтын киелі мекен, мәңгілік елді жасампаздыққа жетелейтін, бірлік пен татулық болмысты паш еткен бейнелі қала. Өркендеу жолында өрісті қадамдарға жол көрсетіп, Қазақстанды мекендеген көпұлттың достығы мен дәстүрін сақтауда әлем елдері арасында үлгі болуда. Қазақ елінің тірегі мен жүрегі сен – Астана! Мәңгі жасай бер, жайнай бер! Тәуелсіздіктің бойтұмарындай қасиетті шаһар әрбір қазақстандықтың жүрегінде төрден орын алып, жер-жаһан жұрты алдында мәртебесі биіктей түседі деген сенім зор.
К. ЕРІМБЕТОВ.