ҚҰПИЯСЫ АШЫЛМАҒАН ҚЫШҚАЛА

Соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулердің басты бағытының бірі – ХІІІ-ХҮ ғасырлармен шамаланатын Қышқала орта ғасырлық қалашығы қалдықтары. Неғұрлым маңызды ескерткіш саналған археологиялық нысанның шағын ғана бөлігіне алдын ала жүргізілген қазба нәтижесі бойынша Қышқала ірі сауда-қолөнер қалаларының бірі деп болжауға болады.
– Олай деуімізге қаланың Жібек жолы бойындағы ең маңызды өткелінің бірінде орналасуы дәлел. Ол бүгінгі күнге дейін сақталған Томарөткел жанынан бой көтерген. Табылған қыш ыдыстарының сынықтары бойынша жорамалдасақ, қалашық құрылысы Х-ХІ ғасырларда басталған. Ал қайнаған өмір ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Алтын Орданың сауда байланыстары жандануы басталғанға дейін тоқтаған, – деді «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Мадияр Елеуов.
Қалада ішкі сауда дамығаны аңғарылады. 30 гектарға жуық аумақты алып жатқан шаһардың солтүстік шетінде қыштан соғылған үлкен сарайдың қалдықтары сақталған. Бұл жердің шеберлері көптеген сан алуан шаруашылық, тұрмыстық және құйма қышын дайындаған. Жекелеген үй-жайлардың көшеге қарайтын алдыңғы беттері ойып жасалған кірпіштермен әшекейленген.
Ірі сауда орталығы болғаннан кейін, түрлі мәдениет, сан алуан өнер түрлері осы қалашықта тоғысқан деп болжам айтуға болады. Қышқалада зергерлік шеберхананың болғаны туралы археологиялық айғақтар бар. Археологтар бұл орынның орталық бөлігінен сегіз бұрышты ұстаханаға ұқсас үлкен ғимарат орнын тапты. Нысанның жобасы Астана қаласындағы «Хан шатыры» ғимаратын еске түсіреді.
Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Әбдікәрімұлы қаланың экологиялық ахуалы өте нашар екендігіне тоқталды. Тарихы тереңде жатқан көне қаланың аумағы қалай құрылған? Бұл – өте ауқымды жұмыс. Өңірдің ғасырлар бойғы тарихы осы аумақтағы археологиялық зерттеулерден табылып отыр.

Биболат Сәтжан