ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫ: «АСТАНА» ЧЕРНОГОРИЯНЫҢ «СУТЬЕСКА» КЛУБЫМЕН ОЙНАЙДЫ
ҚазАқпарат - Бүгін, 19 маусымда Швейцарияның Ньон қаласында футболдан УЕФА Чемпиондар лигасы 2018/2019 жылдардағы маусымының бірінші және екінші кезеңінің жеребесі тартылды. Төртінші жыл қатарынан аталмыш бәсекеде ел намысын қорғау мүмкіндігін жеңіп алған елорданың «Астана» командасы бірінші кезеңде Черногорияның «Сутьеска» клубымен ойнайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сутьеска» біздің еліміздің командаларымен алғаш рет жолығып отыр. Команда аталмыш елдің Никшич қаласының намысын қорғайды. 1927 жылы құрылған. Алғашқы кезеңде Сан-Мариноның «Ла Фиорита» және Гибралтардың «Линкольн» клубтары сынға түсіп, олар бірінші кезеңде ойнайтын өзге 31 команданың қатарын толықтырады. «Астана» жарысты осы сатыдан бастайды. Оған қарсылас ретінде УЕФА талаптарына сәйкес алдын-ала «Спартак» (Трнава, Словакия), «Валлетта» (Мальта), «Алашкерт» (Армения), «Сутьеска» (Черногория), «Спартак» (Юрмала, Латвия) және «Флора» (Эстония) командалары аталды. Бірінші кезең ойындары 10-11 және 17-18 шілде күндері болады. Ақтық сайыс Испанияның Мадрид қаласындағы «Метрополитано» стадионында өтеді. Стадионға 2017 жылдан бері Мадридтің «Атлетико» клубы иелік етіп келеді. Ал Қазақстанның «Қайрат», «Ертіс», «Тобыл» командалары ойындарын Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінен бастайды. Бұл кезеңнің жеребе тарту рәсімі 20 маусым күні Астана уақытымен 17.00-де Швейцарияның Ньон қаласындағы УЕФА-ның штаб-пәтерінде өткізіледі.