270 ШИЕЛІЛІК «БАСТАУ» ЖОБАСЫ БОЙЫНША ОҚИДЫ
Кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалы 5 айда 196 кәсіпкерге бизнес-жоспарын әзірлеп берді. Бұл туралы облыс әкімінің төрағалығымен Шиелі ауданында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған мәжілісте Кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалының директоры Рысбай Нысанханов айтты.
Филиал директорының айтуынша, аудандық филиалға мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие алу жолдарын сұрап, кәсіп ашуға ниет танытқан тұрғындар қатары күн санап артуда. Есепті кезеңде аудандық филиалға келіп 460 азамат мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпарат алса, кеңесшілермен жыл басынан 122 кәсіпкерлердің салықтық, бухгалтерлік және статистикалық есептері жасалған.
Сондай-ақ, филиал тарапынан биылғы жылы 196 кәсіпкерге бизнес-жоспар жасалып табысталған.
Осы жылы инновациялық жобаларға арналған гранттар конкурсына қатысу үшін шиелілік 154 азаматтың бизнес-жоспары әзірлепі, 100 азамат «Бизнес кеңесші» оқу курсынан өткен. Грантқа үміткерлер құжаттарын жинақтау және өткізу үшін толықтай сүйемелдеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, Шиелі ауданы бойынша жалпы құны 15 млн 353 мың теңгені құрайтын 24 жоба оң қорытынды алды.
Жыл көлемінде Шиелі ауданында «Бастау» жобасы бойынша 270 азаматты оқыту жоспарлануда екен.
Рысбай Нысанханов мәжілісте: «Елді мекендерде шағын қаржымен, шағын бизнестерді ашуға мүмкіндіктері бар. Мысалы: Жиделіарық ауылын алатын болсақ, халық саны 962, белсендісі 498, жұмыссыздар 15. Осы ауылда жылыжай, құс шаруашылығын дамытуға болады. Мәселен, Жаңатұрмыс ауылдық округінің тұрғыны Еділбаев Мұрат өткен жылы «Бастау» жобасынан өтіп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» Қорынан 1 млн. теңге жеңілдетілген несие алған болатын. Бүгінде ауыл тұрғындарына шаштараз қызметін ұсынуда», - деді.
Жалпы алғанда, Шиелі ауданында жыл басынан 59 азамат 211 млн.теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, 57 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылған. 74 адам жаңа жұмыспен қамтылған.
Айта кету керек, Кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалының директоры Рысбай Нысанханов Қазақстанның әлеуметтік дамуына және кәсіпкерлік қауымдастықты нығайтуға қосқан үлесі, ісіне адалдығы мен кәсіпқойлылығы үшін күні кеше ғана «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовтің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі