1 ШІЛДЕДЕН БАСТАП ҚАЗАҚСТАНДА АМБУЛАТОРИЯЛЫҚ КАРТА ЖОЙЫЛАДЫ
2018 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстандағы медициналық ұйымдар науқастарды қағазсыз қабылдауға көшеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сәйкесінше, науқастарға амбулаториялық карталар мен флюрографиялық жазбаларды алып жүрудің қажеті болмайды. Медициналық қызмет алу үшін оларға жеке куәлікті көрсету жеткілікті. «Биыл 1 қаңтардан бастап, 4 облыс (Қарағанды, Қостанай, БҚО) қағазсыз ауруханалар пилоттық жобасына енді. 1 сәуірден бастап, бұл пилоттық жобаға тағы 4 аймақ (ОҚО, Маңғыстау, Павлодар, СҚО) қосылды. 1 шілдеден бастап - қалған өңірлердің барлығы және Астана мен Алматы қалалары науқастарды қағасыз қабылдауға көшеді. Яғни, пилоттық жоба аясында амбулаториялық карталар жойылады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсететін барлық медициналық ұйымдар 100% тек қана ақпараттық жүйелерде жазба жүргізеді және ақпараттар қағазға көшірілмейді», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында. Вице-министрдің айтуынша, қазірдің өзінде электронды үкімет пен медициналық ақпараттық жүйелер көмегімен дәрігерге онлайн-порталдар арқылы жазылу, дәрігерді үйге шақыру қызметтерін пайдалануға болады.