МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАР АРАСЫНДА ОБЛЫСТЫҚ СПАРТАКИАДА
«Мұз айдыны» спорт кешенінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында облыстық спартакиада аяқталды, - деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.
Айтулы спорт бәсекесі Астана қаласының 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Жарысқа Қызылорда қаласы мен аудандардан 8 команда, 200-ге жуық азаматтар спорттың 6 түрі бойынша сынға түсті. Спартакиаданың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дене дайындығын жетілдіріп, спортпен тұрақты айналысуға тарту, саламатты өмір салтын қалыптастыру.
Жарыс қорытындысы жалпы командалық есепте 40 ұпаймен Қызылорда қаласының командасы – І орын, 33 ұпаймен Арал ауданы – ІІ орын, ал 28 ұпаймен Сырдария ауданы жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Жеңімпаз топ үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында өтетін ҚР-ның Спартакиадасына қатысады.