«ҚЫЗЫЛОРДАДАН СӨЙЛЕП ТҰРМЫЗ!..»
Ауылдағы қарашаңырақта күні кешеге дейін абажадай қара радио бары есімде. Әлдеқашан істен шыққан. Жөтел қысқан кісідей дауысы қарлығып қыж-қыж ететін. Сонда да анам бізден үнемі қызғыштай қорып, сақтап жүруші еді. Сондағы ойы кезінде бір-бір үйдің келісті жиһазына айналған дүниенің бала қолында ойыншық болып кетпеуіне жаны ашыған түрі болса керек.
Расында, сол кезде оны әрбір үйден дәл осы дүниені байқаушы едік. Қалай десек те, бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде радионың алар орны ерекше. Жылдам ақпарат тарату өріс алған бүгінгі дәуірде баспасөз де ақпарат нарығының төрінен түскен емес. Бұлардың әрқайсысының қалыптасқан өз аудиториясы, өз артықшылығы бар. Әсіресе, радионың ақпарат тарату кеңістігі өте ауқымды әрі ыңғайлы. Оған радиоқондырғылардың алаң, демалыс орыны, үй, кеңсе, көлік, тіпті ұялы телефонда да орнатылғандығы ықпал етіп отырғандығы анық. Демек, оның таралу ауқымы өте кең болғандықтан, ақпаратты миллиондаған аудиторияға алғаш болып жеткізуге мүмкіндігі зор. Біздің бұл пікірімізді осы салада қызмет жасаған аға буын өкілдері де қуаттайды.
– Мен 1986 жылдан бастап 10 жылдай облыстық радиода еңбек еттім. «Сыр толқыны» атты жастар хабарының эфирін тізгіндеп, аталмыш салаға азды-көпті үлес қостым деп айта аламын. Қазір теледидары жоқ отбасыны кездестіру қиын ғой. Сол сияқты ол кезде 5 сомдық үлкен радио кез келген үйде бар еді. Күніне 2 мәрте шығып, хабар тарататынбыз. Сосын бүгінгідей атыс-шабыс емес, ол уақытта радио халықты бірыңғай жақсы хабарлармен қуантатын. Сондықтан да болар, «Радио – жағымды жаңалық жаршысы» деген түсінік қалыптасты. Айта кетерлігі, біздің кездегі радиожурналистиканың техникалық мүмкіндігі біраз қиынға соққаны рас. Өйткені, R3, R5 деген радиохабар таратқыш техникасының салмағы 7-8 келі тартатын. Оны оқиға болған жерге ары-бері тасып жүру көбінесе қиынға соқты. Аяқ асты істен шығып қалса да, оған арнайы инженер мамандар шақыртуға мәжбүр болдық. Ал, бүгінгі радиожурналистика біраз сатыға дамыды. Десе де, танымдықдан гөрі шоу бағытындағы жеңіл-желпі бағдарламалар көбейіп кетті, – дейді «Тіл сақшысы» газетінің жауапты хатшысы Жалғасбек Аманов.
Рас, уақыт жылжыды. Ақпарат ағымы ауысты. Технологиялардың әмбебап мүмкіндігі де артты. Соған қарай хабарлардың бағыты да түрленді. Десе де, кезінде өз хабарын «Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» деп бастайтын қазақ радиосы сынды әуе толқындары ұлтқа қызмет етуден әлі күнге дейін танбай келеді. Тіпті, сонау жылдары майдан даласынан мәліметтер беріп тұрған, Ұлы Жеңісті алғаш болып елге жар салған да – осы қазақтың үнжариясы еді. Кеңес өкіметі тұсында да амалын тауып ұлттық мұрамызды шама-шарқынша шашпай-төкпей жинастырып, қазыналы «Алтын қорына» сақтаған, қаһарлы Желтоқсанда халықтың сөзін сөйлеуге тырысып, Тәуелсіздіктің азат үнін Алаш баласына жеткізіп отырған да осы – қара шаңырақ Қазақ радиосы еді. Қуантарлығы, қоңыр үнімен жүрекке жол тауып, солғын шығарманың өзін торғын жібектей құлпыртып жіберетін әуе толқынындағы алтын дауысты әріптестерді халық әлі де тыңдайды. Ал, көзді ашып-жұмғанша шартарапқа шексіз хабар тарататын журналистиканың бұл жанры туралы бізге қазақ радиосының Қызылордадағы меншікті тілшісі қызметін атқарған Балауса Сыздықова егжей-тегжейлі баяндап берді. – «Қайырлы таң, Қазақ елі», «Қазақстанда жасалған», «Кəусар» секілді түрлі хабарларды тыңдарман назарына ұсындық. Арнайы хабарлар мен меншікті тілшілердің эфирге шығатын күндері кесте бойынша жүргізілетін. Оны тыңдау жеңіл болғанымен, жасалу технологиясы, яғни, дыбыс жазудан кеңістікке таралуға дейінгі үдерістері үлкен жауапкершілікті, ұқыптылықты, жылдамдықты талап етеді. Тыңдарман құлағын елең еткізетіндей хабарлар жасау, көпшілік көңілінен шығу – бүгінгі радиожурналистердің басты міндеті, – деген ол қазіргі таңда радиохабар тарату мүмкіндігінің арта түскендігіне де тоқталды. – Ахат Жанаев, Несібелі Рахметова сынды осы саланың майталман ардагерлерімен əңгімелесе қалсаңыз, дыбыс жазу құралының тым үлкен болғанын айтады. Ал, бүгінде шағын ғана цифрлы диктафонмен сұқбат алып, оны компьютерге жүктеп алуға болады. Одан əрі сұқбат беруші кісінің айтқан негізгі ойын қалдырып, монтажға кірісеміз. Бұрын оны жасайтын адам бөлек болса, қазір тілшілер монтаж жасау жұмысын да толық меңгерген. Осындай еселі еңбектен соң «Отау тв» санды хабар тарату құрылғысынан əр эфирімді үзбей тыңдап отыратын менің өз тыңдарманым қалыптасты. Хабарласып, әр бағдарламаға ерекше белсенділік танытып отырды, – дейді ол.
Шындығында, қазақ жұртындағы ауылға теледидардың күні кеше ғана келгенін ескерсек, қазақтың үнжариясы қаншама ұрпақты тәрбиелегеніне көзіміз жете түседі. Бұлақтай мөлдір, әуезді ашық дауысы еріксіз баурап, өн бойыңды сиқырлы сезімге бөлейтін жүргізушілердің әрбір эфирін былайғы жұрт асыға күтетін. Ендеше, бұдан кейін де бұл дүние өзінің осы биігін сақтап қала бермек.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.