АЛМАТТЫҢ АСУЫ

Баспа ісінде 1995 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маман алғаш жұмысын Сырдария аудандық газетінен бастаған.
– Ең алғаш баспаханаға келгенде техниканың тілін жетік меңгеру міндеті алдымда тұрды. Ол кездегі жұмыс қиын еді. Соған қарамастан әріптестердің тынымсыз еңбегінің арқасында газет мерзімінде жарық көретін. Ұжым мүшелері түнімен қорғасын әріп теріп, өздерінің май-май болған ұсқындарына қарамастан таңертеңгі шайын ішкеннен кейін күнделікті кәсібіне қайта кететін. Бүгінгідей заманауи станоктар жоқ. Қазір адамның уақытын алатын көп шаруаны техника атқарады, – дейді маманның өзі баспахананың ішкі тыныс-тіршілігі туралы.
Газетті тегіс қырқып, беттерін рет-ретімен орналастырып бүктеу және оларды санап, пластик лентамен бума-бума етіп байлап жайғастыру бүгінде біршама жеңілдеген. Бұрынғы кезде бұл тірліктерге де күндік уақытты арнауға тура келетін.
Жыл өткен сайын баспасөз саласының мамандары да газет-журнал сапасына мән беріп, жаңа технология дәуірінің мүмкіндіктерін басылым беттерінен көрсетуге тырысты. Бұл баспахана қызметіне деген сұранысты арттырғаны анық. Сондықтан заман талабынан қалыс қалмауға барын салған Алмат Әжімашов қазір «Сыр медиа» ЖШС баспаханасында аға баспашы болып қызмет етеді.
Бүгінде облыс көлеміндегі жиырмадан астам газет пен өзге облыстың басылымдары да баспахана саласында зор жетістіктерге жеткен серіктестікте басылады.
– Журналистер өз нанының «қамырын илесе», баспахана қызметкерлері сол «нанды» табаға пісіріп алған наубайшы сияқты. Баспасөз айдынында бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес, – дейді Алмат Әжімашов.
Биболат Сағындықұлы