Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » МАҚСАТЫ АЙҚЫН, КЕЛЕШЕГІ ЖАРҚЫН ҚЫЗЫЛОРДА

МАҚСАТЫ АЙҚЫН, КЕЛЕШЕГІ ЖАРҚЫН ҚЫЗЫЛОРДА

 Биыл облыс орталығында әрбір саланың тынымды тірлігінің арқасында өңірді өрге жетелеген ауқымды жобалар жүзеге асты. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында қолға алынған тың бастамалар бойынша аймағымыз дамудың алдыңғы шебінен көрініп келеді. Игілігі мол істердің нәтижесінде Қызылорда қаласының да экономикалық әлеуеті артып, барлық салалар бойынша өсім қалыптасты. Мәселен, биылғы жылдың басында қала бюджеті 30 млрд. теңгеден астам көлемде бекітілсе, қазір бұл 41 млрд. 571 млн. теңгені құрап отыр.
Бұл туралы қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев VI шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс XVII сессиясындағы 9 айлық қорытынды есебінде баяндады. – Ағымдағы жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 68 млрд. 665 млн. теңгеге өсті. Оның 48,3 пайызы қаланың үлесінде. Соңғы жылдары облыстың бас қаласының ауыл шаруашылық саласына мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың арқасында қарқынды өсу тенденциясы байқалады. «Агробизнес-2020» жобасы шеңберінде «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары өз нәтижесін беруде. Аталмыш бағдарламалар бойынша нақтыланған мал сатып алу жоспары бекітілді. Мәселен, бүгінде жоспарға сәйкес несиелендіру арқылы «Сыбаға» бағдарламасымен 118 бас мүйізді ірі қара, «Құланмен» 89 бас жылқы, «Алтын асық» аясында 462 уақ мал сатып алынды. Бұдан бөлек, елді мекендерді несиелендіру бойынша ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Береке», «Ырыс» несие беру бағдарламалары аясында 30-дан астам тұрғын 410 млн. 500 мың. теңгеге жуық несиеге қол жеткізді. Осындай қолдаудың арқасында тұрғындар жеке кәсіп ашуға ынталанып, шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал етуде. Мәселен, қалада жалпы саны 251 шаруа қожалығының бірігуімен ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері құрылды. Ал, егін көлемдерін әртараптандыру мақсатында биыл 7621 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары орналастырылды. Алдын ала бекітілген кесте негізінде өнім жинау науқанында қала бойынша күріштен орта өнім 49 центнерді құрады. Ол өткен жылмен салыстырғанда 1,3 центнерге артық, – деді қала әкімі өз есебінде.Оның айтуынша, бүгінге дейін қалада 25 мыңнан астам шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Ал, нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарының 50,3 пайызы қаланың үлесіне тиіп отыр. Қазіргі таңда облыс орталығы, қалаға қарасты кент және ауылдық округтерінде шағын және орта бизнесті дамытудың басты көрсеткіштеріне жүргізілген талдау нәтижесінде мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылған. Сондай-ақ, «Даму-Аймақтар» бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылы шағын және орта кәсіпкерліктің 10 жобасын қаржыландыру жоспарланып, оның бүгінде жоғары көрсеткішпен 21 жобасы қолдауға ие болған. Ал, индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ауқымды жобалар қолға алынуда. Осы бағытта бүгінде қаламызда 6 жоба жүзеге асырылуда. Ондағы 1 жоба республикалық картаға енгізілсе, қалған 5 жоба өңірлік картаға орналастырылған. Бұл жобалар толық іске қосылғанда 800-ден астам адам еңбекке тартылады деп күтілуде. – Біздің өңір үшін ауыз су инфрақұрылымы да өзекті мәселелердің қатарына жатады. Соңғы 5 жылдың ішінде оны дамытуға 15 млрд. теңгеге жуық қаржы тартылған. Қала халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы осындай ірі жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде тұрғындар толығымен таза, жер асты ауыз суын тұтынуда. Биылдың өзінде «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 27 жоба бойынша 34,4 шақырым ауыз су және 7,8 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртудан өтуде. Бүгінде Қызылорда – республика бойынша қалаішілік су құбырлары 60 пайыздан астам толық жаңартылған бірден бір қала, – деді Н.Нәлібаев. Сонымен қатар, қала әкімі биылғы жылдың ең басты жаңалығы – жергілікті тұрғындардың қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру мен көлік қатынасын дамыту мақсатында бой көтерген автобус паркі туралы да айтып өтті. Жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын заманауи автобустарға арналған жаңа үлгідегі нысаннан бөлек, қалаішілік және қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктердің қызметін сапалы ұйымдастыру мақсатында 3 диспетчерлік пункт салынды. «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы арқылы «Қызылорда» автобус паркі» құрылып, аймақ басшысының қолдауымен 112 үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобус сатып алынды. Олардың барлығына GPS орнатылып, арақашықтықтың сақталуы қатаң бақылануда. Бүгінде жаңа қоғамдық көліктердің барлығында бейнекамера мен жоспарға сәйкес билеттік жүйе енгізілген. Ал, алдағы уақытта кіші сыйымдылықтағы қоғамдық көліктердің орнына орта және жоғары көлемдегі автобустармен ауыстыру бағытында 150 автобус алу жоспарланып отыр.Кейінгі жылдары қаладағы тұрғын үй құрылысының ерекше қарқын алуы да көңілге қуаныш ұялатады. Соның нәтижесінде халықты баспанамен қамту көрсеткіші жылдан-жылға еселеп артуда. Мәселен, соңғы 4 жылда аталмыш сала облыс бойынша 3,5 есеге артса, қалада бұл көрсеткіш 8 есеге ұлғайған. Нәтижесінде жаңадан 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болды. Биылдың өзінде 2971 пәтерлік 61 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жеке инвесторлардың өз қаржысы есебінен және мемлекеттік бағдарламалар арқылы 37 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Осы тұрғыда шаһар басшысы ағымдағы жылы атқарылған құрылыс жұмыстарының 41,2 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде екенін айтты.


Айта кетейік, негізі бұл бағыттағы жұмыстардың ең ауқымдысы – Сырдария өзенінің сол жағалауында қолға алынуда. Ол Қызылорданың бас жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Онда мамыр айында құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен сол жағалаудан 5 қабатты 18 тұрғын үйдің, шілде айынан бастап «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар орталығы, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы ғимараттарының құрылысы басталды. Ал, «Абу-Сер» ЖШС арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 320 орындық балабақшаның құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Келесі жылы осы аумақта облыстық аурухана, неке сарайы, 600 орындық мектеп пен өзге де әлеуметтік нысандар бой көтереді деп жоспарлануда. Осылайша қаламыз халықты баспанамен қамту бағытында үлкен жетістікке қол жеткізуде. 2013 жылдан бастап облыс орталығында 512 отбасы баспанасы аппатты жағдайдағы азаматтар ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелген еді. Осы мәселенің шешімі ретінде өткен жұма күні Жаппасбай батыр көшесі және Титов қыстағынан 50 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй тағы да ел игілігіне пайдалануға берілді. Сөйтіп, қаладағы апатты жағдайдағы баспана тұрғындары ретінде кезекте тұрған 305 отбасы жаңа пәтер кілтіне ие болды. Қала әкімі өз сөзінде осымен қаладағы апатты жағдайдағы үйлердің мәселесі 100 пайыздық көрсеткішпен толық шешілгенін жеткізді. Сондай-ақ, қаланың көшелері мен жол сапасы да үнемі басты назарда келеді. Бүгінде аталмыш бағыттағы жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары ең маңызды жобалардың біріне айналды.
– Соңғы 4 жылда жол құрылысын дамытуға 23 млрд. теңгеден астам қаржы тартылып, 500 шақырымнан астам жолдар орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті. Оның ішінде қаланың шет аймақтарынан 37 көше жөнделді. Ұзындығы 150 шақырымды құрайтын 39 көшеге жаяу жүргіншілер жолдары салынып, 144 шақырымдық 94 көшеге жарық бағаналары орнатылды. Сонымен қатар, 72 көпқабатты тұрғын үйдің аулаішілік жолдары мен автотұрақтары жөнделді. Биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар тиісті жалғасын табуда. Атап айтқанда, қазір қала көлемінде 2 млрд. 886 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 88,8 шақырымды құрайтын 134 көшеге орташа, ағымдағы, күрделі және қайта жаңғырту жұмыстары жасалуда. Бұған дейін, қаламызға Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан және әуежай бағытынан келетін жолдарымызды толық жаңартқан едік. Биылғы ауқымды жұмыстардың бірі, қала тұрғындары үшін ең өзекті мәселелерінің бірі – «Сәулет» мөлтек ауданында 32 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді шаһар басшысы.Оның айтуынша, шырайлы шаһарды жасыл желекке айналдыру мақсатында көгалдандыру жұмыстарына ерекше ден қойылып келеді. Бүгінде қалада 52 аллея мен сквер бар. Аталған аумақтарға жыл көлемінде мыңдаған көшеттер мен гүлзарлар отырғызылған. Қызылорданың әсем келбетін айшықтайтын түрлі архитектуралық пішіндер орналастырылып, жаңа демалыс орындары мен саябақтар салынуда. Мәселен, биыл «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» ескерткішінің аумағы абаттандырылды. Қала орталығынан мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай құрметіне ескерткіш орнатылды. Тұңғыш Президент саябағы Рәміздер алаңына дейінгі аумақта қосымша 36 гектарға кеңеюде. Сондай-ақ, әуежайдан қалаға кіре беріс бөлігінен жаңа қақпаның құрылысы басталды.
Білім саласындағы жарқын жетістіктер де өңірдің оң имиджін арттыруға ықпал етуде. Оған қала бюджетінің 46 пайызы бағытталған. Өткен жылы бұл саланы қамтамасыз етуге 16 млрд. теңгеден аса қаржы қаралса, биыл бұл сома 18 млрд. теңгеге ұлғайған. Мектепке дейінгі тәрбие беру саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетті. Білім беру мекемелері үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізу бағдарламасы бойынша қаладағы барлық мектептер толықтай оқулықтармен қамтамасыз етілді. Әлеуметтік-экономикалық дамудың даңғыл жолына түскен Қызылорда – мәдени және рухани жаңғырудың қайнаған ортасы. Бүгінге дейін бұл бағыттағы 500-ден аса мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, қызылордалық көрермен назарына ұсынылған. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 82 үйірме жұмыс жасап, онда 1000-нан аса өнерпаз қызмет жасайды. Жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында А. Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінің жанынан «Жастар театры» құрылды. Ол өз кезегінде жастарды мәдени-эстетикалық талғамын биіктетуге септігін тигізуде. – Қалаға қарасты 19 сайлау округі бойынша мәслихат депутаттарынан жыл басынан бері орын алған мәселелерге байланысты ұсыныстар түскен еді. Оның ішінде бүгінде 30 шақты мәселе қанағаттандырылды. Мысалы, ауыз су және кәріз су мәселесі бойынша 10 ұсыныс келіп түссе, оның 2-і өз шешімін тапты. Шаһарды аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 38 млн. теңге қаржы бөлініп, «Қазсушар» РММ арқылы жоба смета құжаттары әзірленген. Қазіргі таңда аталған жобаға қаржы бөлдіру үшін Ислам банкпен келіссөздер жүргізілуде. Сондықтан бұл мәселе де алдағы уақытта тиісті шешімін табады деген сенімдеміз, – деді Н.Нәлібаев.Алқалы жиынның қорытындысында қала әкімі барлық сала басшылары мен мамандарын Қызылорданың бүгінін бекемдеп, келешегін кемелдету жолында бірлесе сапалы жұмыс жасауға шақырды.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
31 қазан 2017 ж. 1 808 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам