Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » АҚМЕШІТТЕГІ ЖАНЖАЛ

АҚМЕШІТТЕГІ ЖАНЖАЛ

    Өткен ғасырдың басында екі үлкен төңкеріс орнап, кеңес үкіметі құрылды. Патша тақтан құлап, елде республикалық саяси жүйенiң қалыптаса бастауын күллi халқы, соның ішінде қазақ қоғамы зор қуанышпен қарсы алды. Ақпан революциясының жеңісі Ресей империясының құрамында болған барлық халықтарға бұрын болмаған демократиялық бостандық берді.
Сол жылдың маусымынан жарық көрген және алғашқы редакторы Мұстафа Шоқай болған «Бірлік туы» газеті былай деп жазады: «Ең алғаш өзгеріс болған уақытта Ақмешіт қазақтары бұл таныс болмаған жаңа бір жолға басшы табайық деп, үсті-үстіне телеграма беріп, Петербордан Мұстафа Шоқайды, Термізден Серәлі Лапинді, Самарқаннан Хұсан Ибрагимовты, мұғалім Табанбаевты, Қоқаннан Серікбай Ақаевты, Әндіжаннан Қонырқожа Қожықовты, Қармақшыдан мұғалім Ибрагим Қасымовты шақырды».
Осы жылдың көктемiнде Ислам кеңесiнiң ұйымдары Сырдария облысының Черняев, Әулиеата, Перовскi, Қазалы уездерінде құрылды. Ақпан революциясынан кейін Сырдария облысында құрылған кейбір ұлттық комитеттердегі жағдайдың қандай болғандығын Ақмешіттегі қызметінен көруге болады. Ол жөнінде М.Шоқай былай деп еске алады: «Мен Ақмешітке келгенде, ол жерде үш ұйым бар болатын. 1. Ақмешіт ұлттық кеңесі – төрағасы – Ерәлі Қасымов. 2. Ақмешіт халық өкілдерінің кеңесі төрағасы – Серәлі Лапин. 3. Ақмешіт жұмысшы-солдат кеңесі».
Ал 2-5 тамыз аралығында Ташкентте Түркістан өлкесі қазақ-қырғыздарының жалпы съезі болып өтеді. Съез шешімімен Сырдария облысында облыстық қазақ атқару кеңесінің төрағасы  қызметіне Ә.Көтібаров, Перовск уезіндегі кеңестің төрағасы болып алғашқыда Е.Қасымов, кейін Қ.Ибраһимов сайланды.
Ақпан революциясынан кейін Сырдария облысында жұмысшы және солдат ұйымдары, әсіресе, бұл ұйым Перовск уезінде басқа қоғамдық саяси ұйымдар ішіндегі ұйымдық жағынан ең жақсы топтасқан ұйым болды. «Бірлік туы» газетінің 1917 жылғы №8 санындағы «Ақмешіттегі жанжал» атты тақырыппен берілген хабарда былай делінеді:
«Сырдария облыс Кеңесінің 31-ші тамыздағы мәжілісінде Ақмешіт уез комитетінің төменгі мағлұмнамасын оқыды. 28 тамызда күндізгі сағат 5 шамасында Ақмешіт қаласындағы базарда тәртіпсіздік шықты. Онда жергілікті халықтан екі кісі өліп қалды. Екі қазақ, бір шаһар солдаты жаралы болыпты.
...Жанжалдың шығуына мына жағдай себеп болған. Базарда жүрген бір қазақтың қолындағы былғарыға бірнеше солдат саудаласады. Солдаттар олай-бұлай сөйлесіп тұрғаннан кейін, зорлық қылып қазақтың былғарысын тартып әкетеді. Сонан соң қазақ айқай салса, онан-мұнан бес-алты адам келіп қалады. Сөйтіп, қазақтар мен солдаттар арасында төбелес көтеріліп кетеді. Сол уақытта топтың арасындағы біреуі караульный команданың казармасына барып, қазақтар бүлік шығарып жатыр деп хабар берген. Мұны ести салып, команда мылтық, патрон алып келіп жинаған топқа қарап оқ ата бастаған...
Шаһар солдаттарының ішінде Жетісу орыстары көп еді. Һәм Ақмешіт уезінің поселкелерінде бірталай орыстар бар еді. Әсіресе, солар қазақтарға тым өшігіп кетіп, жанжалдың ұлғайуына үлкен себеп болды...онан соң солдаттардың мұнан бұрын да қазақтарға зорлық қылып, күш көрсетіп жүргендіктері анық екен. Мысалы, қауын сатып жүрген қазақтардың қолындағы қауынын ақша бермей солдаттар талай-талай тартып алып кетті. Әйтеуір халық өте қорқынышты: «Солдат күн көрсететін емес» деп зар-зар жылайды».
1917 жылдың екінші жартысында қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы мүлдем ауырлап кетті. Перовск уезінде Е.Қасымов басшылық еткен уездік ұлттық комитет пен Х.Ибраһимов басқарған қазақ депутаттарының кеңесі арасындағы өзара қатынас талас-тартысқа айналып, ауыз бірлік таппады. Бұл екі арадағы өзара кикілжің Қазан революциясынан кейінгі уақытта да жалғаса берді. Осындай жағдайда жаңа орыс билік мекемесі – жұмысшы, солдат депутаттарының кеңесі өкілдері Ақмешіттен Ташкентке дейінгі аралықтағы Жөлек, Шиелі, Жаңақорған, Түркістан, Арыс және басқа жерлердегі халықты ашықтан-ашық талап, зорлық-зомбылықтарын жүргізді.
Алайда большевиктер ұйымдастырған төңкерістен кейін елде мүлдем түсініксіз аласапыран саяси ахуал қалыптасады. Осыған байланысты А.Байтұрсынов сол кезге мынадай сипаттама береді:
«Қазақтарға ақпан революциясы қандай түсінікті болса, қазан революциясы оларға соншалықты түсініксіз көрінді. Олар ағашқы революцияны қандай қуанышпен қарсы алса, тура сондай үреймен екіншісін қарсы алуға мәжбүр болды. Қазақ халқымен таныс адамдар үшін қазақтардың бұл революцияларға деген мұндай қатынасы әбден табиғи және түсінікті болатын. Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алуындағы себебі, біріншіден, бұл революцияның оларды патша үкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруына, екіншіден, олардың өзімізді өзіміз басқарсақ деген ескі үмітін нығайта түсуінде еді.
1917 жылы 30 қазанда жұмысшы, солдат депутаттары кеңесінің өкілдерінің ұйымдастыруымен Перовск еңбекшілерімен жергілікті гарнизон салдаттарының митингісі болып, онда кеңес өкіметі билікті өз қолына алды деп хабарлады. Перовск кеңесі өкімет билігін алғаннан кейін бірін-бірі қолдау қажеттілігі туралы нақты іс-шараларын ұсынып, Ташкент кеңестеріне хат жазды. Өзара көмек көрсету шараларын жасау мақсатында келісім жасау үшін Қазалыға бес адамнан тұратын делегация жіберілді. Осылайша, Орта Азия мен Қазақстанда бірінші болып кеңес өкіметі Перовскіде орнады.
1918 жылдың екінші жартысында Түркістан партия ұйымдарының өлкелік съезі өткізілді. Түркістан компартиясы ұйымының қалыптасуы Перовск партия ұйымдарын күшейтіп, жергілікті жерде жаңа партия ұйымдарының пайда болуына себепкер болды. Сыр өңірінде кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдары асыра сілтеушілік, әділетсіздік және жергілікті халыққа қиянат көрсету, зәбір-жапа шеккізу әрекеттері орын алды.
Перовск уезіндегі депутаттар Кеңесінің төрағасы Иосиф Гержоть басшы қызметте болған екі жыл ішінде(1918-1919 жж) оның жеке бұйрығымен 180-ге жуық адам заңсыз атылып, қалған мұсылман шаруаларының көпшілігі мал-мүлкінен айырылып, зорлық-зомбылыққа шыдай алмай, басы ауған жаққа босып кеткен. Олар жол үстінде азып-тозып, аштықтан, ауру-сырқаудан қырылған.
Мұстафа Шоқай 1935 жылы Парижде басылып шыққан «Кеңестер билігіндегі Түркістан» атты кітабында «Перовскіде Гержоть деген әкім отырды. Одан тұтас бір халық қырғыздар (қазақтар) үдере көшті. Бұл үдере көшу барысында бір милионға жуық адам қырылды», - деп жазды.
Ақмешіт тұрғындарының 1918 жылы 20 мамырында Гержоттың үстінен жазған өтініштерінде ол қызметке кіріскен бойда уез тұрғындарына 3 милион сом салық салғанын, Ақмола облысына экспедиция жабдықтау үшін 4000 бас түйенің тартып алынғанын, Перовск түрмесінде ешқандай кінәсі жоқ 300-дей адамның қамалғанын хабарлайды.
Наразылықтар өрши түскеннен кейін Түркістан Орталық Атқару Комитетінен Перовскіге құрамында республика Орталық Комиетінің мүшесі Исламов, Ішкі істер комиссариатының нұсқаушысы Магнетштейн, Өлкелік директория өкілі Иванов және Жер істері комиссариатының өкілі Синев бар айрықша комиссия жіберілді. Комиссия мүшелері жергілікті жердегі жағдаймен таныса келіп, депутаттар Кеңесінің төрағасы Гержоть Орталық Өкімет нұсқауларына бағынғысы келмейді, еңбекшілердің, әсіресе, мұсылман шаруаларының ұсыныс-пікірлерімен санаспайды деген қорытынды жасайды. Мәскеуден келген комиссия да күнәсінің көптігіне күмән келтірмейді. Осыдан кейін Түркістан Орталық Атқару Комитетінің шешімімен Перовск депутаттар кеңесі таратылып, орнына революциялық комитет тағайындалады. Гержоттың үстінен тексеру жүргізіліп, заңсыз әрекеттері үшін екі жылға бас бостандығынан айырылады. Иркутск қаласында жазасын өтеп жатқан Гержоть әйелінің үкімге наразылық білдіруімен кейін мерзімінен бұрын босанып кетеді. Тұрар Рұсқұлов пен Иса Тоқтыбаев Мәскеу билеушілерінің қарсылығына қарамастан оны қайта ұстатып, Орынбор түрмесіне жаптырады.
Жалпы алғанда, Перовскіде кеңес үкіметінің орнауы жергілікті халыққа үлкен озбырлықпен, ланкестік әрекеттермен, алдап-арбаумен тапқан табыстарын тартып алумен көрінді. Большевиктер мен ақгвардияшылардың қақтығысынан мыңдаған қазақ халқы зардап шегіп, шет елге үдере көшті.
Биболат Сәтжан
03 шілде 2018 ж. 1 288 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 440 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам