ОТАНЫМ БӘРІНЕН ДЕ БИІК ЕКЕН
Елордамыз – Астана күні қарсаңында облыс орталығындағы Тұңғыш Президент саябағында облыстық патриоттар форумы өтті. Онда жыл бойы аймағымыздың дамуы мен ел игілігі үшін ерінбей еңбек етіп, ерен ерлік көрсетіп, жетістіктерімен үлес қосып келе жатқан қызылордалықтар марапатқа ие болды.
Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев форумға қатысушыларды алдағы мерейлі мерекемен құттықтады.
– Қазақ тарихында ормандай халқына қорған болсам, алға жетелеп, арманына жеткізсем, тәуелсіз ел етіп, биікке көтерсем деген тұлғалар аз болмаған. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз-Тәукенің Жеті жарғысы содан қалған. Қазақ халқында Абылай хан мен Әбілқайыр ханның атқарған істері ұрпаққа өнеге. Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз еліміздің тұғырын биік етті. Бүгінгі Қазақстан – болашағы бекем, келешегі кемел ел! – деді облыс әкімі.
Мерейлі мереке қарсаңында өткен облыстық патриоттар форумында аймақ басшысы әр саладағы белсенді, өз ісінің кәсіби шебері атанған 15 қызылордалықты марапаттады.
Марапатқа ие болғандардың қатарында Ішкі істер департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы Бауыржан Нұржанов бар. Бауыржан 2017 жылы қазан айында қаламыздағы көпқабатты үйлердің бірінде орын алған өрт кезінде алдымен өрт сөндіру қызметіне хабар беріп, өзі жалындаған өрттің ішіндегі 5 және 6 жастағы балаларды құтқарып алып шыққан.
№2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ермекбек Пазлиев те қала тұрғынын сол тілсіз жаудан құтқарса, Қазалы ауданындағы №266 мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Мейрамбек Жақыпов – аудан орталығындағы Әйтеке би кентінің 76 жастағы тұрғынын өз басына төнген қауіпке қарамастан, құтқарып алып шыққан нағыз ер жүрек азамат.
Аружан Бисенбаева үйінде өрт шыққан сәтте жанында сіңлісі және екі інісі болған. Небәрі 11 жастағы Аружан бауырларын терезе арқылы сыртқа шығарып, өз өмірлерін сақтап қалған.
Ерлігі көпке үлгі болатын қаламыздың тағы бір тұрғыны – «Жылы жүрек жастар» еріктілер тобының жетекшісі Сағатбек Сиюов. Бірнеше жыл бұрын көлік апатына ұшыраған Сағатбек қазір мүгедектер арбасымен жүруге мәжбүр. Десек те ол тағдырдың мұндай сынағына қарамастан, қайырымдылық шараларға белсене қатысады. Отырып билеумен айналысып, «Фристайл» санатында ел чемпионы атанған.
«Ерлік» үйлестіру кеңесінің және «Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймаханов көп жылдар бойы жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Ауған соғысы ардагерлерімен кездесулер өткізіп, бірнеше әскери-патриоттық жобалар жасаған.
София Аужарова – 25 жыл еңбек өтілі бар дәрігер, облыстық жедел жәрдем станциясының бөлім меңгерушісі. Ол 19 жыл алғашқы медициналық қызмет көрсету бригадасында қызмет атқарған София Тұрсынбайқызы – клиникалық өлім жағдайындағы, ауыр кома үстіндегі, жол жарақаттары, суық қарумен өлім жағдайында ажалмен арпалысып жатқан науқастарды аман алып қалған батыл дәрігер.
Сондай-ақ, туған өлкеміздің патриоттарының қатарында каратэ киокушинкайдан Әлем және Азия чемпионы Айбек Шаукилов, шахматтан әлем чемпионы, ФИДЕ шебері Назерке Нұрғали, ондаған чемпион мен халықаралық додалардың жеңімпаздарын тәрбиелеген дзюдо жаттықтырушысы Жанарбек Сансызбаевты атап өтуге болады. Орынбасар Төлепов пен Кенжебек Ілиясов сынды кәсіпкерлер бизнеспен айналысып қана қоймай, ауылдастарын еңбекпен қамтып, тұрмысы төмен отбасыларға көмектесіп келеді.
Марапат биігінен көрінгендер қатарында «Кызылординские вести» газетінің тілшісі Кирилл Денисов та бар. Мемлекеттік тілді жетік меңгергендер арасында өткен көптеген байқауда жүлдегер болып жүрген жас бұл жолы «Жыл патриоты» атанды.
Биболат СӘТЖАН.